Семейде көлікті мас күйде басқарған екі жүргізуші анықталды
Көлікті масаң күйде басқарған қос семейлік бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайта рөлге масаң күйде отырған екі мас жүргізуші ұсталды.
Сәуір айының соңында таңғы сағат 05:00 шамасында Семей қаласы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 38 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ВАЗ автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында оның көлік жүргізу құқығынан айырылғаны және куәландыру нәтижесі көлік жүргізушісі каннабиоидтарды пайдаланудан туындаған есірткілік масаң күйде екендігін анықталды. Қаскөй ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта кінәлі адамға қатысты сот үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.
Қала көшелерінің бірінде тағы да осыған ұқсас жағдай орын алған. 24 жастағы қала тұрғыны 2019 жылы үш жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылса да қайта көлікті тізгіндеген. Медициналық куәландыруға жеткізілген аталған азамат ”жеңіл дәрежедегі” алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап бойынша күдіктілер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.