Солтүстік Қазақстанда 5 айда ЖКО салдарынан 27 жаяу жүргінші зардап шекті
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері ЖКО салдарынан 27 жаяу жүргінші зардап шекті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес айда жол-көлік оқиғалары салдарынан 27 жаяу жүргінші зардап шекті. Солардың бірі 30 мамыр күні Lexus 470 автокөлігі Петропавл – Жезқазған автожолының 949 шақырымында Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 11 жастағы қызды қағып кетті. Қыз Облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
31 мамыр күні Петропавлда Қизатов көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде қаланың екі тұрғынын көлік қағып кетті. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олардың бірі үйіне жіберілді, екінші ер адам ем қабылдауда.
– Адамдардың қауіпсіздігі үшін жолдардың кейбір учаскелерінде жаяу жүргіншілер өткелінің алдында жасанды бұдырлық орнатылған. Ал мұндай кедергілер жоқ жерде жүргізушілерді жылдамдықты азайтуға шақырамыз. Сондай-ақ, жол бойында тұрған автокөліктерге де назар аударған жөн. Өйткені олардың тасасынан кенеттен адамдар шығып қалуы мүмкін. ҚР Жол жүрісі қағидаларына сәйкес, егер көлік құралы жаяу жүргіншілер өткелі алдында аялдаса немесе жүрісін баяулатса, көршілес жол жолағы бойымен жүруші басқа көлік құралдарының жүргізушілері аялдаған немесе жүрісін баяулатқан көлік құралының алдында жаяу жүргіншінің жоқ екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүрісін жалғастыра алады. Ал жаяу жүргіншілер жолақтың қауіпсіз екеніне көз жеткізгенен кейін ғана өтуі тиіс, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Облыс аумағында 412 жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталған. СҚО жолдарында 5 айда жаяу жүргішілерді қағып кетумен байланысты 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың нәтижесінде төрт адам көз жұмып, 27 адам жарақаттар алды.