Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жастарға есірткінің қаупі туралы киносеанс өткізді

СҚО полицейлері жастарға есірткінің қаупі туралы киносеанс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен жастарға профилактикалық кинокөрсетілім өткізілді. Іс-шара Балалар жылы шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың және бейжай қарамайтын азаматттардың, атап айтқанда қоғам қайраткері Дәурен Қамзиннің қолдауымен ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, қаланың ең ірі «Қазақстан» кинотеатрына полицейлер 14 пен 18 жас аралығындағы 400-ден астам колледж және мектеп оқушыларын шақырды. Жастарға екі бөліктен тұратын «Тұздар мен спайстар», «Кері қайтпас жол» деректі профилактикалық фильмі көрсетілді, аталған фильм полицейлердің тапсырысымен түсірілген және 2018, 2021 жылдары YouTube бейнехостингінде QZ media арнасына жүктелді.

Кинокөрсетілімнің шымылдығын СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев, белгілі қоғам қайраткері Закиржан Мамлютов, сондай-ақ «Надежда Nord» қоғамдық қорының үйлестірушісі Евгений Заянц ашты. Деректі фильмге түскен спикерлер жастарға фильмнің мақсаты мен тарихын, қылмыскерлердің айласы, есірткінің зияны, тән мен жанның саулығы туралы айтып берді. Фильмнің бірінші бөлігі 18 минутқа, екіншісі бөлігі 27 минутқа созылды.

Фильмнің хроникасында облыстағы есірткі бизнесіне қарсы күрестің қарқыны көрсетілген, синтетикалық есірткі туралы айтылып, жақын адамның есірткіні қабылдап жүргенін анықтау жолдары туралы кеңес беріледі. Жастар фильмді қызығушылықпен тамашалап, алған әсерлерімен бөлісті. Көрсетілімнен кейін жедел уәкілдер көрермендерге жадынамалар мен буклеттерді таратты.

СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, жыл басынан облыста мектеп оқушылары мен студенттерге 100-ге жуық түрлі профилактикалық іс-шара өткізілді. Заңсыз айналымнан 18 келі түрлі есірткі алынып, есірткінің жарнамасымен және таратумен айналысатын 100-ге жуық сайт анықталған.

Instagram, Facebook, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ресми аккаунттары, сондай-ақ WhatsApp мессенджерінде +7-707-500-96-65 нөмірінде «сенім телефоны» жұмыс істейді, бұл нөмірге облыстағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жасау желісіне қатысты барлық мәселелер бойынша жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру