Ақтөбеде жүргізуші куәлігінен айырылған тұрғындар қайта рөлге отырған
Ақтөбеде жүргізуші куәлігінен айырылған тұрғындар қайта рөлге отырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрынғы әкімшілік заңнамада мас күйінде көлік жүргізгендер үш жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылса, 2020 жылы күшіне енген жаңа заңнама бойынша осындай құқық бұзушылық жасаған жүргізушілер жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, міндетті түрде 15 тәулікке қамауға алынады. Егер мас жүргізуші жол-көлік оқиғасы салдарынан материалдық шығын келтірсе, қосымша тағы да бес тәулікке қамалады.
Ал жүргізуші құқығынан айырыла тұра, рөлге қайта отырған адам бес жылға бас бостандығынан және өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылады. Адам өліміне әкеп соққан ЖКО жасаған мас жүргізуші жеті жылға дейін, егер құрбандар көп болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға сотталады.
Заңнамадағы қатаң шараларға қарамастан, осындай заң бұзушылықтар жасау деректері әлі де жалғасып отыр.
Мысалы, патрульдік полиция қызметкерлері 5 маусым күні сағат 21:30-да Қ. Оспанов көшесі бойында ВАЗ-21214 автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында осы автокөліктің 45 жастағы жүргізушісінің бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғанын және автокөлікті мас күйінде басқарғанын анықтаған.
Сол күні полиция қызметкерлері Ә. Молдағұлова даңғылында 36 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ВАЗ-21110 автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында оның бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын және көлік құралын мас күйінде басқарғанын анықтаған.
Екі факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралдарын басқаруы) бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушілер Ақтөбе қаласы ПБ-ға уақытша ұстау изоляторына қамалды.