Түркістан облысының полицейлері жоғалған қызды тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 маусым күні таңғы сағат 04:00 шамасында Сарыағаш АПБ-ға такси жүргізушілері хабарласып, Қапланбек кентінің жанындағы Шымкент – Шыназ тас жолында 5-6 жастағы адасқан қыз баланың жүргенін байқағанын жеткізді. Тәртіп сақшылары жедел түрде оқиға орнына шығып, кішкентай қызды полиция бөліміне жеткізді. Олар бүлдіршінді тамақтандырып, ата-анасы туралы сұрады және бірден оның туыстарын іздеуге кірісті.
Кәмелетке толмаған қыздың ата-анасын іздеуге Сарыағаш АПБ-ның жедел уәкілдері мен ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмылдырылды. Полиция жақын маңдағы аумақтарды аралап, сол аумақтағы тұрғындарға алты жасар қыздың суретін жолдаған.
Нәтижесінде, жоғалған қызын суреттен таныған қыздың анасы аудандық полиция бөлімге келді. Белгілі болғандай, кішкентай қыз түнде үйден көшеге шығып, жоғалып кеткен. Полицейлер кішкентай қызды анасына дін аман табыстады. Тұрғын сарыағаштық полицейлерге алғысын білдірді. Тәртіп сақшылары қыздың ата-анасымен баланы қараусыз қалдыруға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Балаларды дұрыс тәрбиелемеу жайты бойынша қыздың анасына қатысты жиналған іс құжаттар Сарыағаш аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға заңды шешім қабылдау үшін жолданады.