Орал станциясында көлік сақшысы есінен танып қалған әжейге алғашқы көмек көрсетті
Орал станциясында жергілікті блогер қайырымдылығымен көзге түскен көлік сақшысына ризашылығын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерінің жолаушылар пойызы маңында құлап қалған әжейге көмектесіп жатқан видеосы тарады. Оқиға Орал қаласында орын алған. Мұны байқап қалған жергілікті блогер @karabdine_ полицейдің әрекетін сыртынан түсіріп алып, алғысын білдірді.
Видеода әйел адамға жәрдем көрсеткен сақшының кім екендігін анықталды. Ол Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік полицейі Сырым Айбеков болып шықты. Сырым Айбеков 1997 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниге келген. Ішкі істер органдарында 2021 жылдан бері қызмет етеді.
– 7 маусым күні Орал станциясына Алматы – Орал бағытындағы жолаушылар пойызы келіп тоқтады. Мен әдеттегідей, вокзал аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша өзіме жүктелген қызметімді атқарып жүрген едім. Жолаушылар пойызынан түсіп жатқан кезде бір апаның есінен танып, құлап қалғанын байқадым. Дереу қасына келіп, басын сүйеп, көмек көрсетуге тырыстым. Ол кісінің қасында 8, 9 және 13 жастағы немерелері бар екен. Көз алдарында болған жағдайға балалар не істерін білмей, абдырап қалыпты. Апа есін жиған сәтте хал жағдайын сұрадым. Жедел жәрдем шақырудан бірден бас тартты. Әлгі кісіні ептеп орнынан тұрғызып, жүктерін көтерісіп, вокзал алдындағы таксилерге арналған тұраққа жеткіздім. Сөйтіп, таксилердің біріне отырғызып жібердім. Бұдан соң қызметтік міндетімді атқаруға кеттім, – дейді Сырым.
Полицей оның сыртынан біреудің видеоға түсіріп тұрғанын көрмеген.
– Бұл әрекетімді ешқандай ерлікке баламаймын, бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Құлағанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу әрбір азаматтың борышы деп білемін, – дейді көлік сақшысы.