«Көз жасым тыйылмай тұр…»
Некесіз туылған бала… Жастықпен жаза басу… Жалғызбасты аналар… Оң жақта отырып дүниеге бала әкелу – ХХІ ғасырдың қазақ қоғамына басқан қара таңбасы сияқты. Күн сайын «»Қоқыстан нәрестенің денесі табылды, Жетімдер үйінің алдына біреу бала тастап кетіпті, әжетханадан жаңа туылған сәбидің мүрдесі шықты» дегенді естіп, жауапсыз жандардың ол әдетіне етіміз үйреніп кеткен сияқты. Бірақ бұл – ел болашағына төнген үлкен қауіп, – деп хабарлайды Polisia.kz SAQSHY газетіне сілтеме жасап.
Осы тақырыпты қозғауымызға «Ана үйінде» тұратын қыз-келіншектер себеп болып отыр. Ол үйде тұрмысқа шықпай, аяғы ауыр болып қалған, туыстары мен «ғашығы» теріс айналған әйелдер тұрады. Бірақ мүлдем тұрмыс құрмаған қыздардан бөлек, тұрмыста болып, ажырасып, барар жер, басар тауы қалмаған әйелдер де осында пана іздеп келеді екен. Бұл орталықта оларға баспана, психологиялық, медициналық, қаржылық көмек көрсетіледі. Онда тұратын келіншектер бір-бірінің баласын қарайласып, үй тірлігін бірге атқарады. Олар бұл орталықта алты айдан бір жылға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде баласы ширап, өз бетінше өмір сүруге бейімделуі керек.
– Елордада «Ана үйінің» екі филиалы бар. Мұнда жігітіне алданып қалған, қолдаушысы жоқ, тағдыры тәлкекке түскен әйелдер мекендейді. Олардың арасында полициядан көмек сұрап келгендер де бар. Олар бізге келіп, арызданады, мәселенің қайдан, қалай шыққанын баяндайды. Көбінде қыздарының аяғы ауыр екенін білген ата-ана мен туыстары олардан бас тартып, қарғап-сілеп, қаңғыртып жібереді. «Ел-жұртқа масқара қылдың!» деп кейде ұрып-соғып та жатады. Бұл жаққа жетіскеннен кім келеді дейсің? Барар жері болмаған соң, арқа сүйер азаматы алдаған соң амалсыз олар үкіметтен, полициядан көмек сұрайды, – дейді полиция подполковнигі Гүлмира Шырахметова.
Полиция қызметкерімен бірге біз де «Аналар үйіне» барып қайттық. Елорда аумағында орналасқан бұл екі үйдің әрқайсысында 8-10 келіншектен тұрады екен. Тағдырлары әр түрлі болғанымен, оқиғалары бір-біріне тым ұқсас. Осында мекен еткендердің сексен пайызы әңгімесін «Жігітім «үйленеміз» деп айтқан», «Біз бір-бірімізді жақсы көріп қосылдық», «Мен оған сендім», «»Егер бала көтере алсаң, саған үйленемін» деген» деп бастайды. Арасында тұрмыста болып, ажырасқандары да бар.
Шын мәнінде, бұл ұлт тағдырына төнген қара бұлт сияқты. Өйткені, әке қамқорлығы мен тәрбиесін, оның отбасындағы рөлін көріп өспеген бала әсіресе, ер балалар болашақта өздері де жауапкершілікті сезіне қоюы қиын. Ал әкесіз өскен қыздардың әркімге жәутеңдемей, теріс қылық шығармай бойжететініне кім кепіл?
Жастық шақта ағат басылған әр қадамды тәжірибесіздіктен, білместіктен жасалды деп ақтайтын әдетіміз бар. Осы ретте қыздарды қаралап, даттайтын ойымыз жоқ. Ең бастысы, отбасындағы тәрбиеге аса мән беру керек. Өсіп келе жатқан ұл мен қызға ұяттың не екенін түсіндіріп, бала ресми некеде дүниеге келу керек екенін, некеге дейінгі кез-келген жақындықтың дұрыс болмайтынын үйдегі ата-ана түсіндіруге міндетті. Бала, бұл – жауапкершілік және бұл жауапкершілікті екі адам бірдей арқалауы керек. Өкінішке қарай, біздің қоғам жүкті болып қалған қызды кінәлауға құмар да, оны осындай жағдайда тастап кеткен жігітке ләм-мим демейді.
Кездейсоқ төсек қатынастары мен тәрбиесіздік «Ана үйі» мен Жетімдер үйінің, сырқат балалардың көбеюіне себеп болып отыр. Бұл бізде жыныстық сауаттың, имандылықтың төмен екенін көрсетеді. Ал жылдар өте келе бұл теріс қылық Қарттар үйлерінің көбейіп, ішінде қазақтың ата-әжелерінің толуына алып келеді. Отбасы құндылығын түсінбеген, рухани тәрбие алмаған қоғамда осындай жағдай жалғаса беруі әбден мүмкін.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Әр адам екінші мүмкіндікке, түзелу жолына түсуге құқылы. Біз орталықтағы келіншектермен сырласып, олардың өмірі басқа қыздарға сабақ болсын деген ниетпен, екі қыздың оқиғасын жариялауды жөн көрдік.
Дариға, 25 жаста: «Некелесіп үлгермедік»
– Осында келгенде жасым 24-те еді. Біздің қарым-қатынасымыз пандемия уақытына тап болды. Жап-жақсы қыз-жігіт болып жүрдік. Карантин басталып, бәрі қарбалас болып, некелесіп үлгермей қалдық. Ол кезде бірге тұрып жатқанбыз. Былайша айтқанда, азаматтық некеде. Бәрі жабылған соң жағдайымыз қиындап кетті. Ол мені әке-шешемнің үйіне әкеп тастады. Ата-анаммен тұрып, сол үйде босандым. Баламның әкесі «Қорықпа, босана бер. Бәрі реттелген соң өзім сендерді алып кетемін, бірге тұрамыз» деді. Бірақ уақыт өте келе ол алыстап кетті. Ара-тұра хабарласып отырды, бірақ сол күйі қосылып, бірге тұрмадық. Баламды туған соң менде босанудан кейінгі күйзеліс болды, төсектен тұра алмай, жатып қалдым. Оған бала туу процесі де, менің эмоционалдық жай-күйім де әсер еткені сөзсіз. Сондай қиын кезеңде мен жақындарымнан қолдау күттім. Үйде ұрыс-керіс жиілеп кетті. Менің баламен үйде болғанымды жеңгем жақтырмады. Мен үшін үйдегі жағдай бұзылған соң баламды алдым да, кетіп қалдым. Баламен бір жатақханаға барып тұрдым, ол жақта баламен тұруға ешқандай жағдай жоқ еді. Әрине, 30 мың теңгеге астанадан жақсы жерді қайдан табайын? Балам ол кезде енді екі айға толып жатыр еді. Ол жер дымқыл, салқын болғандықтан, балам қатты ауырып қалды. Одан соң екі рет ауруханаға түстік. Сонда жатқанымда осы «Ана үйі» жөнінде қыздар кеңес берген еді. Бірақ басында қорықтым. Мені «Ол қандай жер? Кімдер болады? Қалай тұрамын?» деген сияқты сұрақтар мазалады. Дегенмен, баламның әкесінен үміт үзген жоқпын. «Бірге тұрып кетерміз. Ең құрығанда, бізге жағдайы сәл жақсы, жылы жер тауып беріп, төлеп тұрса ғой» деп ойладым. Өйткені мен балам ауырмаса екен, ине салмаса екен деп армандадым. Ине салғанда екі айлық балам шырылдап жылағанда, есімнен адасып кете жаздайтынмын. Бірақ әкесі «Менің сендерге пәтер жалдап беретін жағдайым жоқ» деп бір-ақ кесті. Одан соң мен осы жерге хабарластым, жағдайымды айттым. Осы ұйымның адамдары мені баламмен бірге ауруханадан шығарып алып, осында өздері алып келді. Жылы қарсы алды. Осы жерде мен үш ай тұрдым. Жеңгем ағаммен ренжісіп, үйден кетіп қалды. Мен осы жерден шығып, анамның жағдайын жасап, қарайласу үшін үйге қайтып бардым. Жеңгеммен осы уақытқа дейін әпкелі-сіңлілі сияқты жақсы қарым-қатынаста едік. Менің жағдайымды білген соң өзгеріп шыға келді. Менің бар сырымды білетін. Қазір анаммен бірге тұрамын. Үйде бәліш, бауырсақ пісіріп, маңайдағы дүкендерге қойып, сатамын. Кішігірім кәсібім бар. Бәрі жақсы сияқты. Бірақ мен әлі де сол жігітті күтіп жүрмін. Жан-жағыңа қарасаң, бақытты отбасыларды көргенде өзің де балаңмен, жарыңмен солай жүргің келеді. Оның үстіне жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Оған «Бірге тұрайық, бәрін басынан бастайық» деп талай айттым. Әлі шешім қабылдай алмай жүр. Баламның әкесімен араласқанын, жанында болғанын қаладым. Ержеткенде әкесі туралы сұрайтыны сөзсіз ғой. Балаға да мейірімі жоқ. Ақшалай азын-аулақ көмектеседі, бірақ оны «Балама» деп мейіріммен емес, аяушылықтан жасайтын сияқты көрінеді.
«Баламның өмірімдегі ең қымбат адам екенін ұқтым»
– Осы ұйымға келгенде психолог маманмен де жұмыс істедім. Бірақ ол маған көмек бере алды деп айта алмаймын. Өйткені менің жеңгеме деген ренішім өте тереңде еді. Әлі күнге дейін мені жамандап отырады. Қазір мән бермеуге тырысамын. Жақында мешітке барып, Құран оқытып, балама дем салдырғам. Үйге келіп қатты ұйықтап кетіппін. Мен ұйықтап жатқанда ұлым терезені ашып, далаға шығып кетіпті. Оны көршілер көріп, жетектеп үйге алып келген. Есікті қатты тарсылдатқан уақытта ояндым. Жан-жағыма қараймын, балам жоқ. Есікті ашсам, көрші әйел баламды қолында ұстап тұр. Ұйқылы-ояу не болып жатқанын түсіне алмадым. Баламның терезеден құлап түскенін білгенде, жүрегім жарылып кете жаздады. Оның үстіне біздің үй үлкен жолдың бойында орналасқан. Ал ол жолға шығып кетіп, көлік қағып кетсе ше? Онда мен өзімді ешқашан кешіре алмайтын едім. Сол күні баламның мен үшін қаншалықты қымбат екенін ұқтым, онсыз өмір туралы ойлағым да келмейді.
«Ақыл мен жүректі қатар ұста»
– Мен сезімге еріп, жастық шақтың буымен қателестім. Адамдар бір-бірін жақсы көрсе, кез-келген қиындыққа төтеп береді деп сендім. Бірақ соған қарамастан мен түсік жасатпадым, баламды тастап кетпедім. Жауапкершілікті өз мойныма алдым. Өйткені қазір мен өзіме ғана емес, балам үшін де жауаптымын. Қыздарға да, жігіттерге де әр қадамды ойланып, саралап басуға кеңес беремін. Өйткені сіздің бір қателігіңіз қанша адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Қазір мен бұл үйге қонақ болып келіп отырмын. Осындағы абзал жандарға айтар алғысым шексіз. Олар менің өзіме деген сенімді қайтарып, өмірге құштарлығымды оятты.
Арайлым, 19 жаста: «Мені мас қылып, пәктігімнен айырды»
– Мен Тараз қаласының тумасымын. 16 жасымда тұрмыс құрып, 17 жасымда ана атандым. Күйеуім мені ерте бұзып қойғандықтан, біз екі жақтағы ата-ананың келісімімен бас қостық. Бірақ кәмелетке толмағандықтан, ресми некеде болған жоқпыз. Күйеуіммен колледжде таныстым, ортақ таныстарымыз болды, қыз-жігіт болып жүре бастадық. Бір күні бір баланың туған күніне бардық. Сол түні тағдырымның күл-талқаны шықты. Маған «Ішімдік ішіп көрсеңші, рахаттанасың, саған ұнайды» деп қарсылық танытқаныма қарамастан, ішкізді. Мен мас болып қалдым. Содан кейін ол «Үйге мына түріңмен қалай барасың, жүр, пәтерге барайық. Демалып, реттеліп, ертең үйіңе қайтасың» деді. Мен жігітіме сендім, тиіспейді деп ойладым. Ертеңгі күні өзімнің барымнан айрылғанымды түсіндім. Төрт ай өткенде аяғым ауыр екенін білдім. Әпкем мен анама айттым, олар «Жассың ғой, ештеңе етпейді, баланы босанып ал» деді. Әкем естігенде, ол да «Сен әлі жассың, отбасылық өмір саған қиын болады. Кім қателеспейді?!» деді. Ата-анам барынша қолдау білдірді. Бірақ өзім оң жақта отырып, бала туудан қатты ұялдым. «Оң босағада отырып, бала тауыпты» дегеннен «ажырасқан» деген оңайырақ болар деп тұрмысқа шықтым. Бала көтеріп қойған соң сабағымды да тастап кеттім. Жігітіме іштегі балаға бес ай болғанда айттым, «үйленейік» дедім. Ол қатты қуанды. Сонда ол «Үйленемін, балам болады» деп емес, анасының бақылауынан бостандық алам деп қуанған екен ғой.
«Енем баласын қызғанды, мені ұрды»
– Аяғым ауыр болып келген соң енем басынан жақтырмады. Соны әрдайым бетіме басып отырды. Тіпті «Бала біздікі емес, сен жүргіш, оны басқадан көтеріп келдің» деген ауыр сөздерді де айтты. Мен «Балам туған соң ДНҚ сараптамасын жасатамын, дәлелдеймін» дегенде, мені шапалақпен салып қалды. «Сен маған қарсы сөйледің, сыйламадың» деді. Осылайша уақыт өткен сайын күйеуіме мені жамандай түсті. Жұдырықтап, теуіп ұратын, тіпті оқтаумен де ұрған кездері болды. Аяғым ауыр болғанда 7-8 рет баланы сақтап қалу үшін емханаға түстім. Бала дүниеге келген соң енем тыныштық бермеді. Баласын қатты қызғанатын, күйеуімнің ақшасын өзі алатын. Ақыры, ұрыс-керістен шаршаған соң баламды алып, кетіп қалдым. Күйеуім соңымнан келіп, менің ата-анаммен бірге тұрдық. Бір күні ата-анам елордаға қонаққа кеткенде, екеуміз жалғыз қалдық. Мен баланы алып, емханаға кеткенмін. Шаруаларым тез бітіп, үйге қайтып келгенімде сорақылықтың куәсі болдым. «Күйеуім» деп жүрген адам менің ата-анамның үйінде құрбыммен маған сатқындық жасап жатқанының үстінен түстім. Сол күні арамызда бәрі бітті. Бала некесіз туылған соң ол алимент төлеуден де қашып жүр. Кейде маған хабарласып, неше түрлі ауыр сөздер айтады. «Тағы көтеріп қойыпсың ғой, сол балаңды бақ. Менің ұлымды өзіме қайтар!» деп шектен шығады.
«Әкем жасырын нөмірден хабарласып тұрады»
– Мен ата-анаммен Нұр-Сұлтанға қоныс аудардым. Осында бір жігітпен таныстым, үйленеміз деп жүрдік. Мен оған баламның бар екенін, тұрмыста болғанымды айттым. Ол маған «Менен бала көтерсең, бірден үйленеміз» деді. Алайда екіқабат болғанымды білгенде, ол жоғалып кетті. Менен алты жас үлкен еді. Ол да ажырасқан екен. Жүкті екенімді анам мен әпкеме айтқанда, түсік жасатуға кеш болды. Әкемнен қатты ұялдым. Екінші рет тағы сол қателікке ұрынғаным үшін өзімді жазғырдым. Әкемнің осы жолы кешірмейтінін білдім. Сондықтан әпкем де маған осы орталықтың бар екенін айтып, бала дүниеге келгенше осында тұруға кеңес берді. «Бала дүниеге келген соң әкеміз жұмсарады» деді. Осында келгеніме бір айдай болып қалды. Күнде маған жасырын нөмірден біреу хабарласады, үндемей тұрады. Күнде хабарласатындықтан, кім екенін білейін деп ақылы қызметке жүгініп, анықтадым. Әкем хабарласып жүр екен. Менің дауысымды есту үшін, сағынышын басу үшін хабарласатын сияқты. Үмітім қайта жанды. Небәрі 19 жасымда екінші рет ана атанайын деп отырмын. Ата-анамның абыройына дақ келтіргенім үшін қатты ұяламын. Жауапсыздығым, сенгіштігім үшін өзімді жазғырамын. Жиырмаға жетпей өмірімнің астан-кестені шықты. Осы жақтан шыққан соң қайда барарымды да білмеймін.
Біз бұл оқиғаларды ойдан шығарған жоқпыз. Алайда тағдыры сынға түскен қыздардың оқиғасы сан алуан. Сондықтан ата-аналарды балаға дұрыс тәрбие беруге, әсіресе жыныстық тәрбиеде сауатты болуға шақырамыз. Өйткені әркіммен бір көңіл қосу тірі жетім балалардың, заңсыз түсіктердің, түрлі венерологиялық аурулардың, өксікке толы тағдырдың көбеюіне алып келеді.
/ Кейіпкерлердің өтініштері бойынша аттары өзгертіліп алынды/
Автор: Нұржайнат Айтпайқызы