Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Сақшы” газетінің тілшісі шығармашылық байқаудың жеңімпазы атанды

Түркі тілдес журналистер қоры “Әлеумет – қоғам айнасы – 2022”  шығармашылық байқауын өткізді. Бұл байқауға “Сақшы” газетінің тілшісі Әсел Жақсыбай қатысып, жүлделі орынға ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда 40-қа жуық автор бақ сынады, ал жеңімпаздарды анықтау қиындық тудырмаған.

Байқауға қазақ тілінде жазатын және хабар тарататын барлық республикалық, халықаралық және аймақтық БАҚ журналистері қатысты. Шығармаларды бағалау материалдардың объективтілігі, кәсіби шеберлігі, әлеуметтік жобалардың маңыздылығын жан-жақты ашып көрсетуі, жұмыстардың шығармашылық толымдығы сынды критерийлер бойынша қаралған.

– “Шеврон” компаниясы демеушілік еткен байқауға әлеуметтік мәселені көтеру керек болғандықтан қатыстым. “Отандық медицинаның қауқары” деген тақырыпта мақала жазып, ана мен бала денсаулығына байланысты мәселені қозғадым. Өкінішке қарай, қазір церебралды сал ауруы бар немесе жүрегінде ақаулары бар балалар өте көп. Осыдан 10-12 жыл бұрын осындай балаларға күрделі операция жасап, аман алып қалу мүмкіндігі төмен болды. Бұл мәселені көтерген себебім – бұл жағдай менің де басымнан өткен. Мен 1,5 жастағы баламнан айырылып қалдым, ол жүрек ақауымен туған еді. Сол кезде мен қауқарсыз болдым. Баламды Қазақстанда емдей алмадым, шетелге емделуге бару үшін квота алып, ота жасату да күрделі жұмыс болды. Қытайға барып, операция жасатамын деп кезекке тұрғанымда, дәрігерлер бала 10 келіге жету керек, әйтпесе, операцияны көтере алмайды деді. Бір жарым жылда баланың салмағы 7 келі ғана болды. Басымнан өткен қиындықтың бәрін алға тартып, бүгінгі күнге шүкір дейміз деп, өзім сияқты аналарға мотивация бергім келді. Бүгінде шетелден білім алған мықты мамандардан сұхбат алып, мақаламды жаздым. Қазір шетелге шықпай-ақ Отандық медицинаның жаңа туған нәрестелерге күрделі оталарды жасатуға қауқары бар. Мен сол туралы халқыма айтқым келді. Қазылар алқасы бұны көріп, бағалаған екен, – дейді 1-орынды иеленген Әсел.

Айта кетсек, Әсел Жақсыбайдың “Сақшы” газетінде істеп жүргеніне 2 жылдан асты. Журналистика саласындағы жалпы еңбек өтілі – 20 жыл.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру