Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында СҚО полицейлері ашық есік күнін өткізді
Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында солтүстікқазақстандық полицейлер ашық есік күнін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаздың шуақты күні Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жүздеген балалар және қалалықтар үшін ашық есік күнін өткізді. Аталған іс-шара Қазақстан полициясының 30 жылдығына орайластырылды.
Арнайы автокөліктер, байланыс құралдары, экипировкалар, құрылғылар, қызметтік қарулар мен макеттер – осы және басқа да заттардың үлгілері Полиция департаменті әкімшілік ғимараты алдында ұйымдастырылған көрмеге қойылды. Байланыс инженерлері, криминалистер, жедел уәкілдер, көші-қон қызметі, әкімшілік және патрульдік полиция, медициналық қызмет қызметкерлері: әр үстелдің және арнайы көліктің жанында техниканың жарақтандырылуы жайлы толық мағлұмат беретін және келушілерді қызықтырған сұрақтарға жауап беретін екі қызметкерден тұрды.
Сондай-ақ, алаңға СҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының да машинасы қойылды; балалар мен ересектерді қызметтік-іздестіру иттері қызықтырды. Ал ғимарат ішінде қалада орналасқан 400-ден астам бейнебақылау камераларының жазбалары шығатын Жедел басқару орталығының және полиция музейінің есіктері қонақтар үшін айқара ашылды. Айта кететіні, Ашық есік күні үрмелі аспаптар оркестрінің жанды музыкасымен ашылды. Ашық есік күні күннің алғашқы жартысында өтті.
СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлованың айтуынша, осындай іс-шараларды облыстағы барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде өткізу жоспарланған. Ашық есік күні, алғашқы кезекте балалар мен жастар үшін ұйымдастырылғанымен келген ересектер де біраз болды.
– Біздің дәстүрлі іс-шарамыздың көздегені – кәсіби бағдар беру. Мектеп оқушысы не студент полиция қызметіне қызығушылық танытқан жағдайда кадр саясаты бөлінісінің қызметкері ведомстволық ЖОО-ға түсу туралы толық мағлұмат береді, – деп атап кетті Сәуле Андағұлова.
Тәртіп сақшылары қазақстандық полицияның отыз жылдығын 23 маусым атап өтуге әзірлік үстінде. Кәсіби мерекені атап өтуге даярлық шеңберінде бірнеше имидждік және қайырымдылық іс-шаралары өткізілуде.