Қызылорданың тергеу изоляторында полиция күніне орай салтанатты іс-шара өтті
Қызылорданың тергеу изоляторында полиция күніне орай салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін – Қазақстан полициясы күні. Осы мерекеге орай Қызылорда облысы ҚАЖД-ға қарасты ЗК-169/1 тергеу изоляторында салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиын барысында жеке құрам мен ерікті жалдамалы қызметкерлері, Әнұранды орындады.
Одан соң мекеме бастығы Қайырбек Ілиясов бірқатар қызметкерлер мен зейнет жасына жеткен қызметкер тергеу изоляторы бастығының кезекші көмекшісінің орынбасары болған Мұсабек Қаратаевты арнайы марапаттап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті қонақтар, жеке құрам мен мекеме қызметкерлері! Сіздерді 23 маусым – Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын. Ішкі істерде қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Сіздерге қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттер жүктелген. Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз. Әрдайым анттарыңызға адал болып, «ел қорғаны» деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер! Еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деп мекеме бастығы өз тілегін білдірді.
Іс-шараның салтанатты бөлімі аяқталғаннан кейін қызметкерлер мен қонақтар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды.