Жамбылдықтар Қазақстан полициясының 30 жылдық мерейтойын атап өтті
Жамбылдықтар Қазақстан полициясының 30 жылдық мерейтойын атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Полиция қызметінің қалыптасу кезеңдерінде кәсіби шеберліктерін, адалдықтарын мойындатқан, тіпті, қызмет жолында қаза болған әріптестеріміз аз емес. Оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында Халық Қаһарманы атағын алған алғашқы әрі жалғыз полицей Ғазиз Байтасовтың ерлігі мәңгі өшпес өнеге.
Сондай-ақ тәуелсіздік алған жылдары Жамбыл облысы Полиция департаментінің 37 қызметкері мемлекеттік марапаттарға ие болып, 23 қызметкер «Ерлігі үшін» медалімен, 13 қызметкер «Айбын» орденімен наградталған болатын.
Осы ретте, мерейлі мерекеге орай Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында батыр полицейлердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында қатысушылар қызмет бабында қаза болған полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.
Одан кейін облыстық Полиция департаментінің саптық алаңында сала қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға облыс әкімі, облыстық мәслихат хатшысы, құқық қорғау және сот органдарының, ҰҚКД бастықтары, қоғам белсенділері, ішкі істер органдары ардагерлері, Полиция департаментінің басшы және жеке құрамы, сондай-ақ қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелері қатысты.
Мерекелік жиын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың құттықтау жеделхаттарын жеке құрам назарына жеткізумен басталды. Содан соң, алғашқылардың бірі болып тәртіп сақшыларын Жамбыл облысының әкімі Н. Нұржігітов пен Полиция департаментінің бастығы А.Баймурзин құттықтады.
Облыс басшысы мен бас полицейі өз сөздерінде жамбылдық сақшылардың өңірдегі тыныштықты күзетіп, тәртіпті қадағалау және қылмыспен күрес жолындағы ерен еңбектерін жоғары бағалап, қызметке адалдықтары мен шыдамдылықтары үшін алғыстарын білдірді.
Мерейтойға орай 23 қызметкер ҚР Ішкі істер министрінің, 400-ден астам қызметкер Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен «ҚР полициясына 30 жыл» медалі, «Құрмет» ордені, грамота мен алғыс хаттармен және т.б. марапатталды.
Салтанатты жиын барысында Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс элементтерін, жауынгерлік самбо тәсілдерін және суық қарудан сақтану және шабуылға тойтарыс беру тәсілдерін көрсетті.
Бүгінгі таңда Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қатарында 70 спорт шеберіне үміткер, 15 спорт шебері және 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері қызмет етеді.
Келесі кезекте ПД Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор кинологы өзінің қызметтік итімен есірткі заттарын табу және шартты қылмыскерді ұстаудағы шеберліктерімен бөлісті. Аталған қызметтік иттің көмегімен есірткінің заңсыз айналымына байланысты 50-ден аса қылмыс ашылған.
Полиция департаменті Арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерінің қару қолдану арқылы көрсеткен түрлі тактикалық әдістері көпшілік көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды.
Жиын соңында жеке құрам салтанатты шерумен жүріп өтті. Кәсіби мереке облыстық Баласағұн орталық концерт залында полиция қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік бағдарламаға ұласты.