Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мыңға тарта түрлі сала қызметкерлері мен полицейлер марапатталды

Қазақстан полициясының 30 жылдығы мерекесіне орай мыңға тарта түрлі сала қызметкерлері мен полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақ елі өткен жылы сән-салтанатымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтсе, биылғы жылы Қазақстан Полициясының 30 жылдығы мерекесі келіп жетті. Осынау айтулы күнде Түркістан облысы Полиция департаменті Полиция күнін жоғары деңгейде ұйымдастырып, мейрам жасады. Іс-шара Түркістан қаласындағы көркі көз сүйсіндірер, заманауи үлгіде салынған конгресс-холл ғимаратында өтті. Жиынға Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов, отставкадағы полиция генерал-майоры Асқар Оспанов, Шымкент қалалық ПД бастығы Қайрат Дәлбеков, ішкі істер органының ардагерлері, облыс әкімдігінің басшылығы мен жеке құрам қатысты.

Жиналған құрметті қонақтарға бірінші кезекте Түркістан облысы Полиция департаментінің өмірі бейнеленген фотосурет пен полицейлердің қызметі мен ерлігі жазылып, жарыққа шыққан газет-журналдардың көрмесі ұсынылды. Сахна шымылдығы мерекелік бейнероликпен бастау алып, ҚР Мемлекеттік туы құрметпен кіргізілді. Әнұран шырқалып, жиынға қатысушылар ПД-да қызмет етіп, жұмыс барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына бас иіп, тағзым етті.

Ал алғашқы құттықтау сөзді Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Арман Жетпісбай алды. Сондай-ақ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев те өзінің құттықтауын арнап, полицейлерді марапаттады. Одан әрі құттықтау сөзін Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов алып, халықтың тыныштығы үшін қызмет етіп, күндіз-түні еңбек етсе де шаршамайтын ПД-ның полицейлеріне ыстық лебізін білдірді.

– Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, арамызда ақыл кеңестеріңізді аямай, қоғамның дамуына және жас мамандардың жұмысына үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Арамызда аман есен жүріңіздер, күш қуаттарыңыз сарқылмасын! Еліміздің қорғандары! Еңбектеріңіз ел алдында елене берсін! Қызметте сәттілік пен абырой тілеймін. Халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз әрқашан жемісті де табысты болғай! Халық пен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімінен шығу үшін бар күш жігерімізді салайық. Осы тұста жыл бойы жақсы нәтижелерімен көзге түскен бірқатар полицейлерімізге құрмет көрсетпек ниеттеміз. Марапаттарыңыз құтты болсын, –  деп ақжарма тілегін жаудырды.

ҚР ІІМ-нен арнайы келген 37 түрлі санаттағы марапаттар өз иелеріне салтанатты түрде табыс етілді. Түркістан облысы ПД басшылығы тарапынан жазылған грамота, алғыс хат, 30 жылдық төсбелгілер өз иелеріне үлестірілді. Департамент бастығының бұйрығымен жеке құрам қызметкерлеріне 40 грамота, 56 алғыс хат, 20 алғыс жарияланды. Осылайша өңірдің өркендеуі мен дамуы үшін аянбай еңбек етіп, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген ең үздік қызметкерлерге қошемет көрсетілді. Айтулы іс-шара соңында еңбегі еленіп, марапатқа ие болған тәртіп сақшылары өздерінің шынайы алғыстарын жеткізіп, бұл марапаттар – алдағы жұмыстарына жаңа серпін беретінін айтып өтті.

Сонымен қатар, мерекелік құттықтау сөзін ҚР ІІО құрметті ардагері Асқар Оспанов, Қайрат Дәлбеков, отставкадағы полиция полковнигі Жеткерген Сүйіпбергенов, отставкадағы полиция полковнигі Әлімхан Абжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жалғап, ыстық ықыластарын білдірді.

Сахна төріне Жұбаныш Жексенұлы, Еркін Нұржанов, Заттыбек Көпбосынұлы сынды эстрада жұлдыздары мен облыстың өнер майталмандары шығып, ән шырқап, жиналғандарға мың бұралған бишілер биін тарту етті. Арнайы генералдар үшін «Генералдар» әні шырқалып, бейнефильм көрсетілді. Іс-шара соңында қонақтар естелікке суретке түсіп, ерекше көңіл-күйде тарқасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру