Түркістан облысында полицейлер Есірткісіз болашақ айлығына қатысушыларды марапаттады
Түркістан облысында полицейлер Есірткісіз болашақ айлығына қатысушыларды марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Естеріңізге сала кетсек, Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күні аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық әкімдік, Жастар орталығымен бірлесіп Есірткісіз болашақ атты кең көлемді іс-шара өткізді. Нәтижесінде, нашақорлықтың алдын алу тақырыбында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары бір айға жоспарланған акция кезінде жастарды қатыстыра отырып, спорттық марафон ұйымдастырды.
Таңертеңгілік жаттығу, велосипедшілер шеруі мен спорттық үйірме қатысушылары, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің өнер көрсетуі мен флешмоб өткізді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тұрғындар арасында көпшілік баратын орындарда, саябақтар мен көшелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Керуен-сарай кешенінде профилактикалық акция өткізіліп, “Өмір қайығымен есірткісіз болашаққа” көрнекіліктерімен қайықтарға мініп, жұртшылықпен бөлісті.
30 күн бойы өткізілген іс-шара соңында 26 маусым күні Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай Түркістан қаласындағы Амфитеатр ғимаратында мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Оған Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Г. Құрман, облыстық әкімдіктің ведомстволық бағынысты басқармаларының, спорт секцияларының және жастар орталығының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Есірткісіз болашақ акциясы аясында өткізілген түрлі конкурстар мен сайыстарға қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, заманауи гаджеттер, футболкалар және бейсболкалармен марапатталды. Сондай-ақ, жасөспірімдер шығыс жекпе-жегі бойынша әдіс-тәсілдерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Оған қоса облыстық эстрада әртістерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Іс-шараға 200-ге жуық көрермен қатысып, көптеген жағымды эмоциялар мен ерекше әсер алды. Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – нашақорлықтың алдын алу және құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастарды есірткіні пайдаланудан сақтандырады және әрбір тұрғынға есірткі құралдарын пайдаланудың зияны туралы жеткізеді. Тәртіп сақшылары азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіні қолданудан бас тартуға шақырады.