19 қызылордалықты 20 млн теңгеге алдаған әккі алаяқ ұсталды
19 қызылордалықты 20 млн теңгеге алдаған әккі алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы кездері алаяқтық сарындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Жыл басынан бері Қызылорда қаласында 322 алаяқтық дерегі тіркелген. Алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында тәртіп сақшыларымен кешенді іс-шаралар атқарылуда.
Бұл қылмыстың ерекшелігі – жәбірленушінің алданып, мүлікті өз еркімен беруі. Қылмыскерлер пәтер, жер учаскесін, жеңілдетілген несие алып беремін, жұмысқа орналастыруға көмектесемін – деп жәбірленушінің ақшасын иемденеді.
Мәселен, маусым айының 5-6 күндері аралығында 19 қала тұрғыны Қызылорда қаласы Полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданған болатын. Арызда олар 2021 жылдан бері бір азаматша сенімдеріне кіріп, мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін деп 20 млн теңгеден астам ақшаларын алдап алғанын көрсеткен. Алайда ол осы уақытқа дейін уәдесін орындамай, ақшаларын да қайтармаған. Басқарма қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қала тұрғындарын сан соқтырған 32 жастағы күдікті азаматша ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 1,3,4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.