Елордада дүкендердің бірінен қымбат әтір ұрланды
Нұр-Сұлтанда әйелдер косметикасы мен парфюмерия дүкенінен қымбат әтір ұрлаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға дүкендер желісінің өкілі ұрлық туралы арызбен жүгінген. Жас жігіт сөреден тауарды қарап тұрып, сатушының жоқтығын пайдаланып, 260 мың теңге тұратын парфюмерияның құтысын ұрлап, ізін суытқан.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД «Алматы» ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бұрын сотталған 27 жастағы ер адамды ұстады.
Аталған фактіге байланысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады, заттай айғақ тәркіленді.