Ақмола облысында инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
Ақмола облысында инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 шілдеде Шортанды ауданында төлемдерді қабылдауда тәулік бойы істейтін терминалдарға қызмет көрсететін екі инкассаторға қарақшылық шабуыл жасалды.
Сағат 12.00 шамасында Бозайғыр ауылында ақша қаражатын терминалдан алғаннан кейін инкассаторлар тұрған автокөліктің артқы жолаушылар орындығына медициналық маскадағы белгісіз ер адам кіріп, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, оларды ауылдың шетіне баруға мәжбүр етіп, 14 миллион теңгені иемденді.
Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК 192-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қылмыстың ашылуын Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы Д.Таев жеке бақылауға алды.
Бір тәулік ішінде Шортанды аудандық полиция бөлімі мен облыстық Полиция департаментінің жедел бөлімшелерінің арқасында Қосшы қаласының 27 және 24 жастағы тұрғындары анықталып, ұсталды. Ұсталғандардың бұрын осы инкассаторлық фирмада жұмыс істегені де белгілі болды.
Тергеу амалдары барысында күдіктілер ұрланған қаражатты қайда жасырғанын айтып берді, Тайтөбе кентінің аумағы Нұра өзенінің жағасынан табылды.
Қазіргі уақытта тергеу іс-шараларын жүргізу жалғасуда, басқа адамдардың да қатыстылығы пысықталуда.
Тергеу кезеңінде айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.