Түркістан облысының тұрғыны зейнеткердің банк картасын заңсыз пайдаланып жүрген
Түркістан облысының тұрғыны зейнеткердің банк картасын заңсыз пайдаланып жүрген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түлкібас ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірі арызданып келді. Яғни, зейнеткер әйел өзінің банк картасын жоғалтып алған. Алайда оның телефонына банк есепшотынан ақша алынғандығы туралы SMS хабарлама келіп түскен. Мұндай жағдай екі ай бойы қайталанған. Жәбірленуші дереу полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді. Келтірілген жалпы шығын көлемі 300 мың теңгеден астам.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Хабарды алған түлкібастық сақшылар жедел-іздестіру іс-шараларына бірден кірісті. Осы құқық бұзушылықты жасаған күдіктіні табуға қажетті жұмыстардың барлығын жүргізді. Нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздері арқылы әрекет жасаған полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ер адам зейнеткер әйелдің жақын көршісі болғандықтан оның банк картасының құпия сөзін бұрыннан білетін болып шықты. Ал зейнеткер әйел банк картасын жоғалтып алған сәтте оны көршісі тауып алған. Алайда ол зейнеткерге тиесілі затты қайтарып берудің орнына құпия сөзін білетіндіктен, өзінің арам ойын жүзеге асырған және мұндай қадамға бірнеше рет барған.
Бүгінде полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде алынған ақша мен картаны толықтай заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.