Жамбыл облысында ҚХА мүшелері түзеу мекемелерін аралады
Жамбыл облысында ҚХА мүшелері түзеу мекемелерін аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбылда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен құрылған арнайы топ түзеу мекемелерінде аралады. Арнайы топ алдымен өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесіне барды. Бұл күні топ құрамында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мухабатхон Миражапова, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, «Радонеж» орыстар этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Антонина Беляева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Байзақ аудандық мәслихатының депутаты Жалил Аббосов, «Радонеж» орыстар этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокиндер болды.
Мекемеге сапары барысында топ мүшелері сотталғандармен, сондай-ақ жаза мерзімінің бітуіне 1-3 ай қалған азаматтармен кездесіп, тілдесті. Жүздесу барысында жазасын өтеушілердің бостандыққа шыққан соң заң алдында таза өмір сүру, қоғамға қайта бейімделу және тәртібі нашар азаматтармен пікір алмасып, заңмен бекітілген талаптарды бұзбау, дұрыс көңіл-күйде болып, алдағы өмірге тек жақсылықпен үміт ету, және ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік пен татулықты сақтау жөнінде мәнді-мағыналы, тәрбиелік-танымдық әңгіме өрбіді.
Бұдан бөлек, топ мүшелерінің сапары барысында сотталғандарға жұмыс орындарын ашуға көмек көрсету, мекемеге демеушілік қолдау жасауға септігін тигізуге уәде берді. Сонымен қатар, мекеменің асханасын, өндірістік аймағы мен клубын және емхана жұмысымен танысып, оң бағаларын берді.