Түркістанда қоймашы өзі жұмыс істейтін зауыттың тауарларын сатып жіберген
Түркістанда қоймашы өзі жұмыс істейтін зауыттың құны 4 млн теңгеге жуық болатын тауарларын сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан қаласы ПБ-ға құрылыс зауыттарының бірінен хабарлама келіп түскен. Онда аталған зауытқа тиесілі тауарлардың бірқатары жымқырылғаны көрсетілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 4 млн теңгеге жуық екені анықталды.
Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары аталған қылмысқа қатысты күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде, күдікті азамат осы зауыттың қоймашысы болып шықты. Ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 189-бабы, яғни (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Белгілі болғандай, күдікті ер азамат өзінің қызметін асыра пайдалана отырып, зауытқа тиесілі техникалар мен тауарларды сатып жіберген. Ал ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.