Кентаулық полицейлер көпбалалы анаға қайырымдылық көмек көрсетті
Кентаулық полицейлер көпбалалы анаға азық-түлік, қаржылай көмек беріп, балаларын оқу құралдарымен, киім-кешекпен қамтамасыз етті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденовтің бастамасымен түркістандық полицейлер мұқтаж жандарға қол ұшын созудан тартынып қалған емес. Осындай қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған Кентау ҚПБ бастығы Ерлан Қыдырбаев бастаған жеке құрам қызметкерлері тағы бір жергілікті тұрғынның алғысына бөленді.
Полицейлер жалғызбасты анаға қолдау білдіріп, бір қуантып қайтты. Олар оқу жылы қарсаңында жергілікті тұрғын әйелдің балаларының жақсы білім алуы үшін керек оқу-құралдары мен киім-кешектерін түгел әкеліп беріп, біраз уақытқа жетерлік азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары барынша жомарттық танытып пәтерде қоныстанған отбасының жүріп-тұруына немесе коммуналдық қызметін өтеуге қажет қаржылай көмектерін де аяп қалмады. Мұндай үлкен көмекке ие болып, бір марқайып қалған көпбалалы ана өз ризашылығын білдірді.
– Мендей көпбалалы анаға көмек қолын созған Түркістан облысы ПД бастығы М. Қабденовке және Кентау ҚПБ қызметкерлеріне алғысым шексіз. Осындай қиын сәтте балаларымды оқу-құралдарымен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, азық-түлік әкеліп, қаржылай көмек ұсынғандарыңыз үшін рақмет. Жұмыстарыңыз қандай қиын болса да, осындай азаматтық істерге ат салысып жүрген әрбіріңіздің қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, – деді тұрғын.