Бұрынғы жұмыс берушіден кек алмақшы болған азамат гаражды өртеп жіберді
Қарағанды облысында бұрынғы жұмыс берушіден кек алмақшы болған азамат гаражды өртеп жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 сәуір күні Қаражал қалалық полиция бөліміне 53 жастағы қала тұрғыны хабарласып, аяқ асты үйінің жанында тұрған өзіне тиесілі гаражының өртенгені туралы арызданған. Сондай-ақ, гараж ішінде автокөлігі болған. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгені құраған. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған оқиға қасақана жасалғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
20 шілде күні криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды. Ұсталған азамат жәбірленушіден кек алу мақсатында осы әрекетке барғаны туралы мойындады. Бұрындары ол жәбірленушінің қарамағында жұмыс жасап, сол шаруа қожалықтан мотоцикл ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Осы себепті күдікті жәбірленушіге қастандық жасап, түнгі уақытта гаражға кіріп бензин құйып өртегені белгілі болды.
Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында полиция қызмектерлерімен күдіктінің Жезқазған қаласында автокөлік ұрлау фактісіне қатысы бары анықталды.
Аталған факті бойынша күдіктіге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабына сәйкес айып тағылған болатын.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері аяқталып, қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.