Елордада жасөспірімнің телефонын ұрлаған ұры ұсталды
«Байқоңыр» ауданының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 32 жастағы күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай, ер адам сағат 20:00 шамасында Жұбанов көшесіндегі үйдің ауласындағы футбол алаңының жанынан өтіп бара жатып, кәмелетке толмағандардың футбол ойнап жүргендерін көрген. Балалар ойынға әуестене бастаған сәтті күтіп, күдікті жасөспірімнің рюкзагынан еркін қол жеткізу арқылы Samsung маркалы ұялы телефонын ұрлап, ізін суытқан.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығына тексеру жүргізілуде.