Алматыда 9 млн теңгеге ЖҚЕ бұзған 8 жүргізуші анықталды
«Қорғау – Қауіпті жүргізуші» жүйесі 9 млн теңгеге жуық қаржыға жол қозғалысы ережесін бұзған 8 жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бұрын хабарланғандай, Алматы полициясының алдыңғы шептегі бөлімшелері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Көлік құралдарына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнатқан, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзып, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген көліктерді анықтауға ерекше назар аударылуда.
Жалған нөмірлік белгі таққан және көлік құралын басқару құқығынан айырылған, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзып, ірі көлемде қарызы бар көліктердің тізімдері жасақталды. Сонымен қатар, полицейлер құқық бұзушылықты анықтаудың электрондық жүйесі «Сергек» пен «Қорғау – қауіпті жүргізуші» қосымшасы арқылы жол қозғалысы жағдайын бақылауда.Тек осы айдың басынан бері жол қауіпсіздігі саласында 4 342 құқық бұзушылық анықталды және көлікті мас күйінде басқарған 44 жүргізуші ұсталды.
Автоматтандырылған ақпараттық бақылау жүйесінің көмегімен 716 автокөлік анықталды және ұсталды, оның 46-сы жалған тіркеу нөмірімен, 220-сы сақтандыру полисінсіз, 397-сі техникалық бақылаудан өтпеген, 47-сі мемлекеттік нөмірсіз. Сонымен қатар, бұрын сот шешімімен көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған 7 жүргізуші ұсталды.
Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 62 автокөлік мамандандырылған тұраққа орналастырылды. Сондай-ақ, жол ережесін жүйелі түрде бұзып, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтау жұмыстары да жүргізілуде. Ай басынан бері 9 млн теңгеге жуық айыппұлмен ЖҚЕ бұзған 8 жүргізуші ұсталды. Олардың көліктері айыппұл тұрағына қойылды.