Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда қабылдап-тарату қызметкерлері жыл басынан бері 74 шақыртуға барды

Петропавлда қабылдап-тарату қызметкерлері жыл басынан бері 74 шақыртуға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар кейде айналасындағыларға алаңдатушылық әкеледі. Олар қаланың санитарлық жағдайына зиян келтіреді, қриминогендік жағдайды қиындатуы мүмкін. Петропавл қаласы ПБ қабылдап-тарату орнының қызметкерлері қаңғыбастарды күнделікті іріктеумен қатар, халықтың шақыртуларына да шығады. Әдетте, адамдар қаңғыбастарды аулаларда, ойын алаңдарының жанында және басқа да қоғамдық орындарда байқап, 102 арнасына хабарласады.

Мәселен, рейдтердің бірінде қабылдап-тарату орнының қызметкерлеріне Гагарин көшесіндегі көп пәтерлі үйдің тұрғынынан шақырту келіп түскен. Ол балалар алаңының жанында жүрген күдікті адам туралы хабарлаған. Тексеру кезінде ер адамның жай ғана орындықта отырғаны анықталды. Оның құжаттары бар, сау болған. Тағы бір шақырту полиция қызметкерлерін қалалық жатақханалардың біріне апарды. Өтініш білдірген адамның айтуынша, тәртіп сақшылары келген кезде бос бөлмеге кірген күдікті адамдар кетіп қалған.

– Қала тұрғындарының үрейленіп хабарласуы кейде бос шақырту болып қалады, дегенмен, бөлініс қызметкерлері әрбір келіп түскен хабарламаны пысықтауда, өйткені жұмыстың түпкі мақсаты — адамдардың тыныштығы. Құжаттары бар масаң күйдегі азаматтарды қызметкерлер автопатрульге тапсырады, қаңғыбастарды жеке басын анықтау үшін осында жеткізеді, саусақ іздерін алады, фото-бейне есепке қояды, із-түссіз жоғалғандардың және іздестіріліп жатқан қылмыскерлердің тізімдері бойынша тексереді. Жалпы, жыл басынан бері қабылдап-тарату қызметкерлері 74 шақыртуға барды, – дейді Петропавл қаласы ПБ қабылдап-тарату орнының бастығы Болат Баймақанов.

Полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдармен байланысты мәселелер бойынша қабылдап-тарату орнының кезекші бөліміне 52-92-99 телефоны арқылы хабарласуға, сондай-ақ 102 арнасына қоңырау шалуға немесе 102 мобильді қосымшасын пайдалануға болатыны туралы еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру