Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша акция өтті
Абай ауданының ПБ және облыстық ПД патрульдік полиция батальоны жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша акция ұйымдастырды. Ол Абай қаласының маңындағы «Қызылорда – Павлодар» жол учаскесінде өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер өтіп бара жатқан жүргізушілерге жылдамдық режимін, маневр жасау ережелерін сақтау туралы ескертті. Бұны елемеу неге әкеп соғатыны айтылып, бұрын жол апатына ұшыраған автокөлік жолдағы адамдарға арнайы көрсетілді. Акция жүргізушілерді тәртіпке келтіріп, олардың қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоюын көздеді.
«Абай аудандық полиция басқармасы қызмет көрсететін аумақ арқылы республикалық маңызы бар екі трасса өтеді: «Алматы – Екатеринбург» және «Қызылорда – Павлодар». Ағымдағы жылдың 7 айы мен 12 күнінде төрт ЖКО тіркеліп, онда үш адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды. Елді мекендерде үш ЖКО тіркелді, салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам жарақат алған», – деп түсіндірді Абай ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Евгений Әбішев.
Тек Абай ауданында Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1174 жағдайы анықталды, оның ішінде:
- көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон арқылы сөйлесу – 135;
- қауіпсіздік белбеуінің болмауы – 169;
- қарсы қозғалыс жолағына шығу – 3;
- жаяу жүргіншіні жібермеу – 2;
- көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік (токсикологиялық) мас күйде басқару – 32.
«Жолдарда біз бірнеше рет түрлі акциялар мен дәрістер өткіздік, жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбына баннерлер орнаттық. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының жай-күйін қадағалау үшін көше-жол желісіне, реттеудің техникалық құралдарына 85 тексеру жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша Жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсер ететін анықталған кемшіліктерді жоюға 60 нұсқама жіберілді, оған олардың орындалу барысы туралы 56 жауап алынды. Жергілікті атқарушы органдарға жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша бес ұсыныс жіберілді және екі бағдаршам орнатылды. Абай қаласы мен Топар кентінде, сондай-ақ «Қызылорда – Павлодар» республикалық маңызы бар тас жолында 100-ден астам жол белгілері мен жол таңбалары жаңартылды, – деп хабарлады Евгений Әбішев.
Абай полицейлері жеті лауазымды тұлғаны көше-жол желісін және теміржол өтпелерін дұрыс қадағаламағаны, сондай-ақ техникалық жарамсыз автомобильдерді пайдалануға бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда: ҚР ӘҚБтК-нің 617-бабының 1-бөлігі бойынша (Техникалық ақаулары бар көлік құралдарын пайдалануға шығару және өзге де пайдалану қағидаларын бұзу) – 2, ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабының 1-бөлігі бойынша (Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдануы) – 1, ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 1-бөлігі бойынша (Жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамау) – 5.
Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.