Қызылордалық полицей Атырау облысында өткен қоян-қолтық ұрыста алтын медаль ұтып алды
Қызылордалық полицей Атырау облысында өткен қоян-қолтық ұрыста алтын медаль ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Атырау облысында 11-13 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті. Бұл сайысқа Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, арнайы құрылым қызметкерлері мен әскери қызметшілері арасынан 17 құрама команда қатысты.
Жарыстың негізгі мақсаты – қоян-қолтық ұрысты әскери-қолданбалы спорт түрі ретінде дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, күш құрылымдары қызметкерлерінің физикалық дайындықтарын сынға салу. Қоян-қолтық ұрыс тартысқа толы болды. Өйткені, ойынға кіл мықтылар іріктеліп алынып, жоғары деңгейде өнерлерін ортаға салды.
Спорттық додада 80 келі салмақ дәрежесінде Қызылорда облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Нұршат Аманқосов сынға түсті. Жарыс барысында 4 кездесу өткізіліп, барлығын айқын жеңіспен аяқтап, ақтық сында қарсыласын берілген уақыттан бұрын нокаутпен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Жеңімпаз кубок, медаль және бағалы сыйлықпен марапатталды.