Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады
Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сайрам аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы кезінде Daewoо Nexia көлігін тоқтатты. Алайда жүргізуші полицияның тоқта деген белгісіне бағынбай, көлігімен қашуға тырысады. Тәртіп сақшылары көліктің соңынан қуып, тәртіп бұзушыны тоқтатты. Осы сәтте полицейлерден қашқан ер адам әрекетін одан ары жалғастырып, көлігін тастаған күйі жаяу қаша жөнеледі.
Қырағы полицейлер жүргізушінің артынан жүгіріп, нәтижесінде оны ұстады. Осыдан соң тәртіп сақшылары оның құжаттарын тексеру кезінде 2021 жылы Шымкент қаласының мамандандырылған сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша 7 жылға автокөлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жүргізушінің масаң күйде екендігіне күдіктеніп, оған медициналық сараптама тағайындады. Нәтижесінде оның алкогольді мас күйде екендігі белгілі болды.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.