Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кинология – кино емес, ғылым: иттер қызметке қалай таңдалады?

Жеті қазынаның бірі саналатын ит – адамның ақылды досы, қызметте – жолдасы. Иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда он мың есе артық, ал есту қабілеті 10 есе жоғары екен. Осындай қабілеті бар төбеттердің қылмысты ашуда пайдасы орасан зор. Айтылған мақтауға тұздық болсын деген ниетпен Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан “Погонды журналист. Полицейдің бір күні” жобасы аясында мен – Polisia.kz сайтының тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Көліктегі полиция департаментінің Кинологиялық орталығына барып, иісшіл иттердің маңызы, оларды баптау жолдары жайлы біліп қайттым. Негізгі мақсатым – ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген кинологтардың жауапкершілікке толы еңбегін халыққа кеңінен таныстыру.  Мақсатқа жете алсам, алтын уақыттың зая кетпегені.

Кинология сөзінің түбірі “кино” болғанымен, оның бұл салаға ешқандай қатысы жоқ. Кинология – ит өсіру туралы ғылым. Бұл ғылымды тек теория жүзінде емес, іс жүзінде көріпбілу үшін құзырымда басшылық берген бір күн уақыт болды. Сол бір күнде кинологтардың ақылды көмекшісімен дос та болып үлгердім. Қызметтің міндетімен таныстым.

– Кинология – полицияның ең қызықты қызметтерінің бірі. Қазақстан көлік полициясының кинологтары өздерінің төртаяқты серіктестерімен күнделікті еліміздің әуе және теміржол көлігінің маңызды стратегиялық магистральдарында қоғамдық қауіпсіздікті қорғау шараларына қатысады, – деді ҚР Көліктегі ПД-ның баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанова.

Мен форма киіп келген орталықта штат бойынша 10 адам қызмет атқарады. Жас әрі жаңа әріптестері ретінде Кинологиялық қызмет орталығы бастығының міндетін атқарушы, орталықтың аға инспектор кинологы Қанат Әбдрахманов таңертеңгілік жиналыста мені кинологтармен таныстырып, жұмыс барысында қызметтің қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Ендеше, көріп-білген ақпараттан шашу шашайын.

Байқағаным, қызметке кез-келген ит алынбайды. Иісшіл ит күшік кезінен таңдалады. Кішкентай кезінде оны үйрету оңай болады. Басты талаптардың бірі – күшік ойынпаз және ізденімпаз болу керек. Соған дағдылану үшін жұмыс жасалады. Адам көп шоғырланатын жерде еркін жүруге, сондай-ақ пойыз даусынан, биіктіктен, табалдырықтан мініп-секіруден қорықпауға үйретіледі. Бір итті толықтай дайындап шығуға біршама уақыт кетеді екен. Бір үйренген итті мәреге жеткендей қоя салуға болмайды. Үздіксіз жаттығу керек.

Мамандардың сөзінше, иісшіл иттер орта есеппен 8 жыл, жұмысты істеу деңгейі төмендемесе одан да көп жыл қызмет ете береді. Олар да зейнетке шығады.


Күнделікті киетін классикамды арнайы формаға ауыстырған мендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі бұл киім үстіме жайғасқан сәтте жауапкершіліктің салмағын түсіндім.

Таңғы жиналыстан соң кинологтармен бірге қызметтегі серіктеріне бардым. Кинологтар көмекшілерімен көрісіп, үстін сипалап, достарымен тілдесті. Иттерді тордан шығарып, үстерін тарап, жалпы жағдайын бақылады. Бұл иттер күнде мыңдаған адамдардың ортасында жүретін болғандықтан оларға үнемі осылай тексеріс жасалады. Бір ұққаным, кинолог болу итпен жай ғана жұмыс істеу емес екен. Екеуінің арасында бір-бірін сөзсіз ұғынысатын ғажайып бар. Кинологтар өз иттерімен адаммен тілдескендей байланысады. Бұл көрініс маған оғаш көрінгенімен иісшіл иттерге әбден жаққанын түсіндім.

Мұнда негізінде неміс овчаркасы мен бельгиялық овчаркалар қызмет етеді. Олардың жұмысқа деген қабілеті өте жоғары. Бірақ жаңа тағайындалған кинологқа иттің үйренуі үшін бірнеше уақыт қажет.

Орталықта жаңадан тағайындалған кинологтар бар, келгендеріне 3-4 ай болды. Тәжірибелі кинолог болу үшін өзіміздің білгендерімізді бөлісеміз. Содан соң олар ит алып, өзіне үйрету үшін онымен жұмыс жасайды. Себебі ит ол адамның өзінің иесі екенін біліп, үйренісу керек, бастысы – адамға сену керек. Содан соң біз өз ортамызда жаңа достарымызды тексереміз, сынақтан өткіземіз. Сынақтан ойдағыдай өтсе, Алматыға оқу орнына жібереміз. Ол жақта емтихан тапсырады. Содан бағыты бойынша есірткі табуға немесе жарылғыш затын табуға үйретіледі, – деді Қ. Әбдрахманов.

Сондай-ақ, спикер иттің есірткіні табуға қалай үйретілетінін атап өтті.

– Есірткіні табу үшін өзіне тән иісті имитатор қолданылады. Сол арқылы ит есірткінің иісін өте ұзақ жылға еске сақтайды. Әр бағыттың өз уақыты бар – 3 немесе 5 ай. Оқу уақыты аяқталған соң сертификат беріледі. Одан соң ай, квартал сайын өз арамызда тексерістен өткізіп отырамыз, жұмысымызды көрсетеміз. Бұл бір-бірімізге мотивация. Жұмысқа деген қызығушылық артады, – деп түсіндірді тәжірибелі аға инспектор кинолог Қанат Әбдрахманов.


Елорда полициясында 35 ит қызмет етеді, оның 10-ы
осы орталықта. Жалпы, иісшіл иттер Алматыдағы орталықтан алынатын көрінеді. Бұл орталық аға инспектор кинологтың сөзінше, алдағы уақытта тағы бес итпен толықпақ. Осы орайда айта кету керек, Қазақстан бойынша қызметтегі иттердің көмегімен жыл басынан бері 90 қылмыс ашылды.

Қылмыстың түрі қаншалықты көп болса, төртаяқты достарымыздың да қызмет ететін саласы жеткілікті. Көліктегі полиция департаментінің кинологтары ауадағы тыныштықты да, жердегі тыныштықты да қамтамасыз етеді. Әуежайда да, пойызда да, жалпы қоғамдық орындарда қылмысты ашу немесе қылмыскерді қолға түсіру үшін кинологтар иттердің көмегіне жүгінеді. Бүгін мен де осы орталықтың кинологтарымен ілесіп Астана вокзалына және әуежайға тексеріс жүргіздім. Айтпақшы, тексеріс барысында жанымдағы тәжірибелі аға инспектор кинолог Қанат Әбдрахманов тексерістің қалай жүргізілетінін айтып берді.

Біз үшін халықтың қауіпсіздігі өте маңызды. Біздің қолымыздағы Цезарь мен Додди екі бағыттағы иісшіл иттер. Яғни, Цезарь есірткі іздеуші, Додди жарылғыш затты іздейді. Жарылғыш зат – өте қауіпті. Сондықтан ит үрмеу керек, жарылғыш заты бар қорапшаны немесе қандайда бір сөмкені аяқпен түртіп көрсетпеу керек. Өте сақ болу қажет. Бірақ жарылғыш заттарды немесе қауіпті заттарды табуға үйретілген итке тапсырма қиын емес. Ол үшін бұл ойын сияқты. Ал шын мәнінде оларға жүктелетін міндеттің салмағы өте ауыр. Қателесуге болмайды, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, білікті кинологтардың бірі кіші инспектор кинолог Қуаныш Байпакбай осы салада қалай қызмет ету керектігін сөз етті.

– Негізінде кинология саласында жан-тәніңмен қызмет ету керек. Мұнда міндет деп емес, физикалық күшпен емес, жүрекпен жұмыс істеу керек. Сол нәтижелі болады, деді Куаныш.

Орталықтағы иттердің бәрі күдікті затты бірден табады. Доддимен вокзал аумағын тексеріп болған соң, кинологтардың мақтанышына айналған Цезарьмен жолаушы лық толы вагонды аралап, құқық бұзушылықтардың орын алмағанына көз жеткіздік. Ал Цезарь жайлы, оның мінезі, жұмысы тұрғысында өзінің иесі, кіші инспектор кинолог Абылайхан Ибраев бүй деді:

Цезарь көлікке мінгенді жақсы көреді. Себебі ол өзіне сенімді. Көп қылмысты ашуда бой көрсеткен. Сондықтан өте жиі еркелетемін. ”Құлыншақ” деп атаймын еркелеткенде. Ол бәрін түсінеді. Оның не қалап тұрғанын жүрісінен, тұрысынан білемін. Мысалыпойызда жолда болғанымызда егер су ішкісі келсе, су тұрған орынға барып тұрып алады. Осындай әрекеттерінен жалпы қалауын ұға аламын.


Абылайхан Цезарьмен алғашқы жұмыс күнінде-ақ тез тіл табысқан екен. Себебі жаңа иесі оған бөтен болмаған. Абылайдың айтуынша, иттің бұрынғы иесі оның жақын досы. Яғни, Цезарь мен Абылай бірге жұмыс істемей тұрып-ақ таныс болған. Цезарьдың көзі көріп үйренген, сондықтан оның Абылайға үйренуі қиынға соқпаған.

Додди және Цезарьмен жүргізген тексеріс сәтті аяқталды. Тәртіп бұзушылық болған жоқ. Осы орайда айта өткен жөн, жалпы бір күнде бұл вокзалда 15 мыңға жуық жолаушы болады. Осы жолаушылардың қауіпсіздігін Көліктегі полицейлер, кинологтар толықтай қамтамасыз ету үшін қызмет етеді. Елі үшін туған азаматтар деп осындайды айту керек, сірә.


Сонымен вокзал аумағын жоспарға сай толықтай тексеріп болған соң, елорда әуежайына жол тарттық. Мұнда да қыбырлаған тіршілік. Әуежайда да мыңдаған адамның қауіпсіздігі жолында кинолог мамандар мен үйретілген иттердің рөлі зор.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аға инспектор кинологы Дастан Қырымгерейдің сөзінше, иісшіл иттердің көмегімен әуежайдың аумағы, әуе рейстері және қараусыз қалған заттар, борттар тексеріледі. Жеті жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан кинолог Дастан Хан есімді серігімен осы жылда Қазақстан азаматтары ішінде 6 қылмыстық теріс қылықтарды анықтады. 2019 жылы контрабандамен Ливаннан ұшып келген жолаушыны ұстаған. Өткен жылы синтетикалық есірткімен тағы бір азаматты қолға түсірген.

Мұнда 3 қызметтік ит бар. Соның бірі менің серігім – Хан. Ол жұмыста өте белсенді. Үнемі қимыл үстінде болады. Ханмен осы аэропортта бірнеше қылмысты ашқанбыз. Жалпы, менің жұмыста өзіме қоятын ең бірінші талабым – тазалық. Хан мен оның орны таза болғанын қалаймын. Одан соң таңертең бой сергіту үшін Ханды серуендетемін. Жағдайын бақылаймын. Үйретілген иттердің басқа иттерден айырмашылығы – иесінің көңіл-күйін бірден байқайды. Мысалы, таңертең жұмысқа келгенде қалыпты жағдайда болмасам, ол мұны сезеді. Оның да жұмысқа құлшынысы болмай қалады. Сондықтан Ханға келгенде, жұмыс барысында көңіл-күйді түсірмеуге тырысамын, – деді Дастан Қырымгерей

Аға инспектор кинолог және оның әріптесі Ханмен бірге әуежайдағы қызметім тапсырма бойынша сақтау камерасын, тіркеу пунктін, сондай-ақ күту орындарын тексерумен жалғасты. Күн демей, түн демей қызмет ететін кинологтар мен олардың серіктерінің еңбегінің маңызы өте жоғары. Себебі қызметтегі иттермен жұмыс барысымен жүрсек тежолаушыларды, күтіп алушыларды, балаларды қорқытып алмауымыз керек. Тек дұрыс тәрбие мен үнемі жаттығулар жасау арқылы иісшіл иттерге қажетті дағдыларды қалыптастыруға болады.


Итті жақсы және жаман деп немесе сұлулығына қарап бөлуге болмайды. Тек соның ішінде қызметке икемділері таңдалады. Әрмен қарай сол иттің жұмыста белсенді болуы кинологқа байланысты. Кинолог қалай жұмыс істесе, іздестіру иттері де дәл солай жұмыс істейтін болады.

Осыған дейін жолаушы болып вокзалда немесе әуежайда болғанымда қызметтегі иттерді көрсем, қорқып, жаныма жақындатпауға тырысатын едім. Енді қызметтегі иттерден қорықпау керегін, керісінше жақсы көріп, жан-дүниеңмен жақын тарту керектігін түсіндімБұл күнімді жұмыс емес, құдды бір әдемі саяхат дер едім. Осылайша журналист-кинолог еншісіндегі бір күнді кинология әлемінде сәтті бастап, ұмытылмайтын естеліктерге толы етіп аяқтады.

Суреттерді түсірген Медет Әшірбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру