Қостанай облысында жоғалған жасөспірім қыз құрбысының үйінен табылды
Қостанай облысында жоғалған жасөспірім қыз құрбысының үйінен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тамыз сағат 12-де Жітіқара қаласының және Жітіқара ауданының полиция бөліміне 63 жастағы азаматшадан кәмелетке толмаған баласының жоғалғаны туралы арыз түсті.
Анасы бір күн бұрын Қостанай қаласына кетіп, кешкі сағат 7-де қайтып оралғанда 14 жасар қызын үйінен таппаған. Ал полицияға келесі күні ғана жүгінген.
– Сағат 14.30-да ювеналды полиция тобының қызметкерлері қыздың тұрған жерін анықтады. Ол үйінен сағат 18:00 шамасында құрбысына кетіп, оның үйінде түнеуге қалған, – деп хабарлады Жітіқара қаласы және Жітіқара ауданының полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов.
Белгілі болғандай, жасөспірім бұған дейін де үйден кетіп қалып жүрген. Ювеналды полиция тобының қызметкерлері қызды Балаларды қолдау орталығына орналастырды. Онымен заңды өкілдің қатысуымен қайта кетуге жол бермеу бойынша профилактикалық әңгіме өткізілді.
Әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша ескерту түрінде әкімшілік жазалау шарасы тағайындалды.