Алматыда фармацевтер құрамында есірткісі бар дәрілерді рецептсіз сатқан
Алматыда фармацевтер құрамында есірткісі бар дәрілерді рецептсіз сатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz
Дәріхана нашақорлығымен тек полиция қызметкерлері ғана емес, дәріхана есірткілерін сататын орындар жайлы белгі беріп отырған Алматы тұрғындары да белсенді түрде күресуде.
– Хабар түскеннен кейін біздің бөлімшенің қызметкерлері Әуезов аудандық ПБ-ға қарасты ПБ-ның әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында тропикамид препаратын рецептсіз сату дерегі анықталды. 48 жастағы И. есімді азамат және осы дәріхананың фармацевті ұсталды. Ал қаланың Жетісу ауданында алдын алу шаралары аясында дәріхана есірткісін сатудың тағы бір дерегі анықталды. Мұнда 43 жастағы Алатау ауданының тұрғыны Ш. есімді азамат ұсталды. Айнабұлақ ықшамауданында орналасқан дәріхананың фармацевті рецептсіз 3 дана көлеміндегі SAMNOL препаратын берген, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Спикердің айтуынша, сатушылар мен сатып алушылар жауапкершілікке тартылды. Дәрілік заттарды рецептсіз сату дерегі ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша тіркелді.
– Құрамында есірткісі бар препараттарды заңсыз сату және рецептсіз сату деректерін анықтау бойынша тұрақты түрде рейдтер жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Қазір мұндай дәрілерді таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленуде, – деді Әлмағамбетов.