Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ПД Конституция күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырды

Қызылорда облысы Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында Конституция күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрам қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Мерекелік шара барысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мерекелік жедел хаты оқылды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен 18 қызметкер марапатталып, мерзімінен бұрын 3 қызметкер “подполковник” шенін, 2 қызметкер бір саты жоғары “подполковник” шенін алды. Сондай-ақ, “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен 2 қызметкер, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен 2 қызметкер марапатталды.

Департамент бастығы  Мұхтар Қожабаев ардагерлер мен қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.

– Ата Заңымыз – тәуелсіз еліміздің алтын қазығы, кемел келешегіміздің кепілі. Қай елдің болсын заңға бағынбай өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан да тәуелсіздік тірегіне айналған Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеу – біздің парызымыз. Сіздерді Конституция күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ тілеймін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Бірлігіміз нығая берсін, еліміздің іргесі берік болсын, – деді департамент бастығы Мұхтар Қожабаев.

Қызылорда облысы ПД бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің 561 қызметкері, оның ішінде 164 ардагер марапатталды.

Айтулы күнмен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай қызметкерлерді құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті. Концертте полиция қызметкерлерінің өнерлері де тамашаланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру