Жетісайда өзіне жақын таныс әйелді тонаған ер адам қамауға алынды
Жетісайда өзіне жақын таныс әйелді тонаған ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оны жақын танысы тонап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 120 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша бірден тіркеп, жедел-іздестіру шараларын бастап кетті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті жұмыстарды жасады.
Сондай-ақ, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар, бұрын сотты болған ер адам анықталып, ұсталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын.
Белгілі болғандай, жәбірленуші әйел дәмханаға тамақтануға барған. Осы сәтте оны сыртынан көрген жақын танысы дәмханаға кіріп, әйелді ұрып-соғып, VIVO телефонын тартып алып, қашып кеткен.
Анықталғандай, жәбірленуші әйел мен күдікті ер адам осыған дейін жақын таныс болған. Әйел сезіктімен байланысын үзген соң ер азамат ашуланып, тонау қылмысына барған. Ер адамнан айғақты зат ретінде телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті қамауда. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.