Ақтөбеде банк менеджері акционерлік қоғамның шотынан 777 млн теңге ұрлаған
Ақтөбеде банк менеджері акционерлік қоғамның шотынан 777 млн теңге ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ақтөбенің №2 қалалық сотында банк менеджеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол алаяқтық жасады деп айыпталды. Банк қызметкері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, акционерлік қоғамның шотынан 777 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен. Сотта сотталушы кінәсін жартылай мойындағанмен, келтірілген залал мөлшерімен келіспеді.
Сотталушының кінәсі сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түрінде, банк саласында 10 жыл мерзімге қызмет атқару тыйым салу жазасын тағайындауды сұрады. Сот сотталушының кішкентай баласы болғандықтан жазаны жеңілдетті.
Менеджер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның алдағы 10 жылда банк саласында қызмет атқаруға құқығы жоқ. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.