Мәслихат депутаттары елордалық полицияның бөлімшелерін аралады
Мәслихат депутаттары елордалық полицияның бөлімшелерін аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аралау барысында депутаттар аумақтарда тікелей жұмыс істеп жатқан тәртіп сақшыларының мәселелерін талқылады. Бұл іс-шара «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау органдарының жұмысының жай-күйі туралы» кезекті сессияның негізгі мәселесін дайындау қарсаңында полиция қызметінің барынша айқын көрінісін қалыптастыруға арналған.
Халық қалаулылары Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевпен Әуезов көшесіндегі «Сарыарқа» ауданы ПБ-ның жаңадан сатып алынған ғимаратына, учаскелік полиция пунктеріне және патрульдік полиция полкіне барды. Екі бірдей учаскелік полиция пунктін аралаған депутаттар олардың орналасқан ғимараттарының қанағаттанарлықсыз жағдайын, үй-жайлардың тарлығын атап өтпей тұра алмады. Сондай-ақ Департаменттің кейбір құрылымдық бөлімшелері ескі ғимараттарда орналасқандығы да атап өтілді.
Мәселен, патрульдік полиция полкі 1964 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Нысанның құрылымы мен ауданы осы бөлімшені орналастыру талаптарына сәйкес келмейді, кейбір қызметтік үй-жайлар нормативтерге жауап бермейді.
Бірақ барлық проблемаларға қарамастан, елордалық полицейлер қала аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар қабылдануда.
Қорытындылай келе, депутаттар елордада қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлері қолайлы жағдайда жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.