Қызылордада бұрын сотталған әйел алаяқтық дерегімен ұсталды
Қызылордада бұрын сотталған әйел алаяқтық дерегімен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тұрғындарды бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырғанына қарамастан, қала тұрғындары алаяқтардың арбауына көптеп түсуде. Салдарынан алаяқтар тұрғындарды жұмысқа орналасуға, қайтарымсыз несие алып беруге, пәтер сатып алуға, жүргізуші куәлігін және тағы басқа осы сияқты уәделерін үйіп-төгіп, ақшаларын жымқырып, қаншама адамдарды сан соқтыруда.
Мәселен, 9 қазан күні Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне екі қала тұрғыны келіп арызданған. Арызданушылардың айтуынша, 20 қаңтар күні белгісіз әйел қайтарымсыз несие алып беремін деп сенімге кіріп, 336 мың теңге қаражатын алып, осы күнге дейін түрлі жалған ақпарат беріп алдап келген. Басқарманың криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған, 30 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.