Қостанай облысында алаяқтар тұрғынның депозитінен 10 млн теңге шешіп алған
Қостанай облысында алаяқтар тұрғынның депозитінен 10 млн теңге шешіп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтар әртүрлі транзакциялар жасайды, ал банктік шот иелері бұл туралы тіпті білмейді. Қостанайлық полицейдің жедел іс-әрекетінің арқасында қаскүнемдер арам ойын іске асыра алмады.
Алаяқтардың қармағына Қостанай ауданы Заречный кентінің тұрғыны түсті. Ол банктің жалған қызметкерлерінің нұсқауы бойынша мобильді қосымшаны жүктеп алып, нәтижесінде 10 миллион теңге акшасынан айырылды.
– Маған алаяқтардың менің депозитімнен ақша алғысы келетінін және қосымшаны жаңартуым керек екенін айтты. Мен олардың осылайша телефоныма кіруге мүмкіндік алғандарын білмедім. Депозиттен ақша жоғалғанын білгенде, бірден полицияға хабарластым, – дейді 60 жастағы жәбірленуші.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында ақша басқа банктің шотына, одан кейін басқа адамдардың карталарына аударылғаны анықталды. Банк шотының иелері елдің екі аймағының тұрғындары болып шықты. Полицейлер мен банк қызметкерлерінің жедел әрекеті мен кешенді шараларының арқасында алаяқтар қаражатты толық көлемде қолма-қол ақшаға айналдыра алмады. Елорда тұрғынының шотынан олар ақшаны шешіп алған, ал картаны астаналық ұзақ уақыт пайдаланбаған. Қалған сома Өскемен қаласының тұрғынының шотына аударылған, ол өзінің «делдал» болғанын біле сала, ақшаны бірден қайтарып берді.
Заречный ауылының тағы бір тұрғыны полицияға өзін «алдаған» белгісіз адамды жауапқа тарту туралы өтініш жасады. OLX сайтында 18 жастағы қыз заттарды сату туралы хабарландыру жариялайды. Онымен «әлеуетті» сатып алушы байланысып, одан WhatsApp-қа жіберген сілтемеден өтуді сұрайды. Оған өтіп, сауалнамалық мәліметтерді толтырғаннан кейін қыз ақшасынан айырылады. Залал сомасы 20 мың теңгеден асты. Ол алданып, шоттан ақша шешіп алынғанын түсінгенде, бірден полицияға жүгінді.
– Біз дереу банктік шот иесін анықтап, банк қызметкерлерімен бірге барлық қажетті шараларды қабылдадық. Банк картасы тиесілі ер адам Түркістан облысында тұрады. Оның телефонында банктің қосымшасы орнатылмағандықтан, ол ақшаның түскенін де білмеген. Ер адам жәбірленушінің барлық сомасын қайтарды, – деп түсіндірді Қостанай аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Әлішер Көшекбаев.
Қостанай ауданының тұрғындары полиция қызметкеріне жедел әрекет еткені және кәсібилігі үшін алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, аға тергеуші алаяқтық фактісі бойынша қылмыстарды бірнеше рет ашқан. Зардап шеккендерге ақша қайтарылды.