Елордалық ҚАЖ департаментінде 9 ай бойынша жұмыс қортындысы шығарылды
Елордалық ҚАЖ департаментінде 9 ай бойынша жұмыс қортындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде биылғы жылдың 9 айдағы қызметінің қорытындысы шығарылды. Жедел кеңес ведомстволық бағынысты мекемелердің жеке құрамы мен басшылығының қатысуымен өтті.
Негізгі баяндамамен департамент бастығының орынбасары Р. Тұрғымбаев сөз сөйлеп, қызметтің барлық бағыттарының жұмыс нәтижелерін айтты.
Жедел кеңес барысында департаментке бағынысты мекемелерінде ұстау режимін қамтамасыз ету, тыйым салынған заттардың кіруіне жол бермеу, сотталғандардың жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын сақтауы, арнайы контингентке уақтылы медициналық көмек көрсету, ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың құқықтарын қорғау саласында азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Департамент бастығы Дәулет Рақымбеков сотталғандардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударды.
– Біз сотталғандарды барынша толықтай жұмыс орындарымен қамтамасыз етуіміз керек. Олар жәбірленушілерге де, мемлекетке де шағымдарды төлей алу үшін жұмыс істеуі керек, – деді ол.
Кеңестің едәуір бөлігі қызметкерлердің тәртіп пен заңдылықты сақтауына арналды. Дәулет Барамбекұлы кезекті рет қызметкерлердің қызметтегі және тұрмыстағы мінез-құлқына қойылатын талаптарды қатысушыларға жеткізіп, осы мәселе бойынша ішкі істер министрі мен ҚАЖ комитеті төрағасының талаптарын айтты.
Сонымен қатар департамент бастығы өз тапсырмаларында үздіксіз бейнебақылау жұмыстарына, қызметкерлердің бейнетіркегіштерді міндетті пайдалануына және сотталғандардың электрондық өтініштерін беру үшін терминалдардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге баса назар аударды.
Кеңестің қорытындысын шығара отырып, департамент бастығы ҚР Ішкі істер министрі мен ҚАЖ комитеті басшылығының ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша алқа мен жедел кеңестерде айтылған талаптарын жеке құрамға жеткізді және департаменттің әрбір бөлімшесі үшін нақты міндеттер мен жұмыс бағыттарын белгіледі.