Абай облысының тұрғынынан ірі мөлшерде синтетика тәркіленді
Абай облысының тұрғынынан ірі мөлшерде синтетика тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қарасора" ЖПІШ және "Рефлекс" ЖПІШ аясындағы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі құралдарын заңсыз сақтады деген күдікпен Абай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері облыс орталығының 33 жастағы тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Оның пәтері мен гаражын жеке тінту кезінде ішінде ақ түсті ұнтақ заты бар, барлығы 18 ZIP пакеті табылып, тәркіленді.
- Сараптама қорытындысына сәйкес, шұғыл жеке тінту кезінде алынған зат –жалпы салмағы шамамен 5 грамм болатын a-PvP есірткі заты. Тіпті қарапайым есептеулер бойынша бұл шамамен 18 бір реттік дозаны құрайды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі "Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясымен 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деп хабарлайды Абай облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Тілек Қамза.
Жыл басынан бері облыста 47 есірткі қылмысы тіркелген. Заңсыз айналымнан 230 кг астам түрлі есірткі және психотроптық заттар алынды.