ШҚО тұрғыны екі елден зейнетақы алып жүрген
ШҚО тұрғыны екі елден зейнетақы алып жүрген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бір жылға жуық уақыт бойы әйел адам Қазақстан және Ресей тарапынан зейнетақы төлемдерін алған. Шығыс Қазақстан облысының көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтықтың кезекті фактісін анықтаған. Заң бұзушыны Алтай ауданының тәртіп сақшылары аудан әкімдігімен салыстырып, тексеру жүргізу кезінде анықтаған.
Полицейлер 2021 жылы Алтай қаласының 74 жастағы тұрғыны Красноярск өлкесі бойынша шет мемлекеттің азаматтығын алып, Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын ресімдегенін анықтаған. Алайда бұл туралы ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетел мекемелеріне хабарламаған, осылайша бұзушылыққа жол берген. Сонымен қатар бір жылға жуық әйел Қазақстан және Ресей тарапынан зейнетақы төлемдерін алған. Қазақстанның құжаттарын пайдаланғаны үшін шетел азаматшасын Алтай ауданының соты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлігімен 200 АЕК сомасында айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Қазіргі уақытта Қазақстанның құжаттары алынып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру тіркелді.
ШҚО-да жыл басынан бері 75-тен астам адам азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ШҚО ПД көші-қон қызметі басқа елдің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы 30 күнтізбелік күн ішінде ІІО-ға немесе Қазақстан Республикасындағы шетел мекемелеріне хабарлау қажет екенін ескертеді.