Дәрігерлер жүкті әйелді перзентханаға жедел жеткізген полицейлерге алғыс айтты
Дәрігерлер жүкті әйелді перзентханаға жедел жеткізген полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Кентау қаласына қарасты Құсшы ата елдімекенінде өздеріне бекітілген аумақты қарап, қызметтік міндеттерін атқарып жүрген учаскелік полиция инспекторлары Сабыр Абдунасиров пен Нуриддин Әбілхайырды белгісіз көлік тоқтатады. Жүргізушімен тілдескен тәртіп сақшылары оларға көмек қажет екенін біліп, бірден іске кіріседі. Түркістан қаласына қарай қызметтік көліктерінің арнайы жарықшамдарын жағып, дауысзорайтқышты қолдану арқылы жолдағы кедергілерді ашып, дер кезінде перзентханаға жеткізді. Полицейлердің әрекетіне риза болған Созақ аудандық орталық емханасының акушері Дина Айтжанова өз алғысын білдірді.
– Біздің Сая есімді жас келіншегіміз айы-күні жетіп, босанатын болды. Біздің міндетіміз жүкті келіншекті аман-есен облыстық №3 перинаталдық орталыққа жеткізу. Осы аралықта жедел жәрдем көлігіміз бұзылып, ауылдан басқа жеке көлікпен шықтық. Кентауға қарасты жолға жеткен кезімізде, кептеліске кезіктік. Жол бойында қызмет етіп тұрған полиция қызметкерін көріп, көмек сұрадық. Олар бірден бізге көмектесуге келісті. Соның нәтижесінде бірінші жүктілігі болған келіншекті перзентханаға аман-есен жеткізіп, қуанып тұрмыз, – дейді ол.
– Жас әйелдің тез арада перзентханаға жету керектігін біліп, қызметтік көліктің дабылын қосып, жедел түрде перзентханаға жеткіздік. Ең бастысы бала аман-есен туылса болды. Полицей болғандықтан қашан да халыққа көмектесуге дайынбыз, – деп болған жайды баяндады Кентау полицейлері.