Сотталған досымен суретке түспек болған тұрғын жауапқа тартылды
Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №19 түзеу мекемесінің тәртіп бөлімінің тексеру тобының қызметкерлері сотталған досына қысқа мерзімді кездесуге келген А. есімді азаматшадан телефон тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекемеге сотталғандармен кездесуге келген әрбір азамат тексеруден жасырын немесе қандай да бір жолмен сотталғанға тыйым салынған заттарды өткізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы жазылған хабарламамен танысып, сол жазбаша хабарламаға қол қояды.
– Тексеру тобының қызметкерлері кездесуге келген бойжеткенді жеке тексеру барысында келушінің оң жақ аяқ киімінің ішінен жақсы жасырылған Samsung телефонын тапты. Азаматшаның айтуынша, ол сотталған досымен естелікке суретке түскісі келген, – дейді тексеру тобының жедел уәкілі Кенжебек Нұрсейітов.
Түрме ішінде фотоға түскенді ұнатушы бойжеткен тарапына ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы 1-бөлімімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Енді құқық бұзушыға қандай жаза тағайындалатынын сот шешеді.