Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жыл басынан бері 700-ге жуық интернет-алаяқтық тіркелді

СҚО-да жыл басынан бері 700-ге жуық интернет-алаяқтық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Адамдарды интернет-алаяқтықтан қорғау – Петропавл учаскелік полиция инспекторлары кезекті профилактикалық акция өткізу кезінде алдарына осындай міндет қойды. Тәртіп сақшылары брошюралар мен жадынамалар тарату үшін, желілік алаяқтардың қулықтары туралы айту үшін адамдар көп жиналатын сауда үйлеріне жол тартты. Қаскөйлердің негізгі айла-амалдары: интернет арқылы сауда жасау кезінде алдын ала төлем жасауды талап ету немесе банк қызметкері болып қоңырау шалу. Жәбірленушіге психологиялық қысым көрсету мақсатында алаяқтар алғашында өздерін құқық қорғау органдарының қызметкеріміз деп таныстырады. Бұл жайында учаскелік полиция инспекторлары халықпен кездесу барысында жиі айтады.

Әсіресе, егде жастағы адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Әдетте, зейнеткерлер тез алданады. Петропавлдық зейнеткер Надежда Дьяченко өз учаскелік инспекторының жұмысына көңілі толатынын айтты.

– Маған алаяқтар жиі хабарласты, қырық шақты қоңырау соғылды. Күйеу балама да қоңырау шалды, бізге учаскелік инспектор әлдеқашан ескертіп қойған, жадынамалар таратты, айла-амалдары туралы айтып берген. Рақмет оған, – дейді тұрғын.

– Желілік алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қарапайым ережелерді ұстану қажет. Сенімсіз болсаңыз, алдын ала төлемге келіспеңіз. Сатушымен бейнебайланысқа шығып сөйлесуге әрекет етіңіз. Әдетте қылмыскерлер өз бет-әлепеттерін көрсетпеуге тырысады. Қаскөйлер WhatsApp мессенджері арқылы әңгіме барысы жазылмайтындықтан, WhatsApp арқылы аудиобайланысқа шығады. Өздеріңіздің жеке деректеріңізді, оның ішінде банк картасының сыртындағы cvv-кодты, PIN-кодты, SMS-хабарламасымен келетін бірретік кодты ешкімге сеніп айтпаңыздар. Сіздің атыңызға біреулер ірі көлемде несие ресімдеп жатыр, несие алып, қаражатты қауіпсіз шотқа аударыңыз деген мазмұндағы банктерден не полицейлердің атынан келіп түсетін қоңырауларға да сенбеңіздер. Әңгімені дереу тоқтатып, өз банкіңіздің «қауырт желісіне» не «102» нөміріне хабарласыңыздар, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру