Түркістан облысында мал ұрлығының 4 дерегіне қатысы бар күдіктілер ұсталды
Түркістан облысында мал ұрлығының төрт дерегіне қатысы бар екі ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш полициясына бірнеше жәбірленуші арызданған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз біреулер олардың қора-жайларынан, жайылымдардан ірі-қара малдарын қолды еткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 3 миллионға жуық теңгені құрады. Орын алған қылмыстың ауырлығы ескеріліп, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Арнайы топ мал ұрлаушыларды ұстау мен қылмысты ашуға бағыт алды.
Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауыл тұрғындарынан сұрастырды. Мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шықты. Нәтижесінде жедел уәкілдер екі ер азаматтың ізіне түсті. Олар Мақтаарал ауданының тұрғындары болып шықты.
Белгілі болғандай, сезіктілердің жалпы мал ұрлығының төрт дерегіне қатысы бары анықталды. Олар өрістен қайтып келе жатқан, жайылымда жүрген малдарды ұрлап, өз арам ойларын жүзеге асырып, бөтеннің малын жасырып отырған. Содан «олжаларын» мал базарға апарып сатып, ақшасын бас пайдаларына жұмсаған. Қазіргі таңда күдікті екеу қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.