Мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Түркістан облысында мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейд кезінде, яғни кешкі уақытта жүрісі күдік тудырған Lada-21901 көлігінің жүргізушісін тоқтатты. Жүргізушісімен тілдесу кезінде сақшылар оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді. Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады.
Полицейлер одан әрі қарай анықтау кезінде ер азаматтың бұған дейін соттың үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын білді. Көлік бірден айыптұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Яғни, жүргізуші бұған дейін құқық бұзып, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.