Ішкі істер министрі Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
«Bolashaq saraiy» ғимаратында жиналғандарға ол ішкі істер органдарының реформасы, полиция қызметінің сервистік моделі, қылмыстық процестің үш буынды жүйесінің жұмыс принциптері туралы айтып берді. Халыққа елдегі және облыстағы қылмыстық ахуал туралы ақпарат берілді.
– Ақмола облысында криминогендік жағдай қолайлы. Аймаққа елде тіркелген барлық қылмыстардың тек 3%-ы тиесілі. Биыл олардың саны 19%-ға төмендеді (5 226-дан 4 245-ке дейін). Барлық қылмыстардың үштен бірі (34% немесе 1 452) облыс орталығында жасалады. Степногорск, Қосшы, Бурабай және Целиноград аудандарында да ұқсас жағдай. Бұл ретте облыстың барлық аудандарында қылмыстың төмен деңгейі байқалады, – деп атап өтті ІІМ басшысы.
Кездесуде әртүрлі сұрақтар қойылды. Жалпы азаматтарды бұрын орын алған жол апаты фактілері, полицейлер тарапынан жасалған заңсыздықтар, қылмыстық істердің тергелуі сынды мәселелер толғандырды.
Кейін ведомство басшысы жергілікті журналистермен брифинг өткізді. БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар бұл күні Марат Ахметжанов өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Проблемалық сауалмен жүгінгендердің барлығын тыңдап, арыз-өтініштерін назарға алды. Түйткілді мәселелердің шешімін табу бойынша қызмет басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ведомство басшысының жұмыс сапары Ақмола облысы Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесумен жалғасты. Министр әріптестеріне жұмыста кеткен кемшіліктерге назар аударуды, салдармен емес, қылмыстың орын алу себептерімен күресуді ұсынды.
Жиында министр Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары етіп Серік Абуталиповты тағайындады.
Шара соңында мінсіз қызметімен көзге түскен тәртіп сақшылары марапатталды.