Алматыда полицияның сервистік орталықтары қалай жұмыс істейтіні талқыланды
Жүйелі реформа және полиция жұмысының сервистік моделін енгізу аясында Мемлекет басшысы Алматы қаласының барлық аудандарында сервистік орталықтарды ашуды тапсырды.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен қала әкімі Ерболат Досаев Полиция департаментінде қоғам белсенділерімен сервистік орталықтарды ашу бойынша жобаны талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
– Мемлекет басшысы жүктеген міндет – ХХІ ғасырдағы адамға бағдарланған полиция. Оның өлшемі – халықтың сенімі. Халық сенген кезде тығыз байланыста болады, сонда ол полиция жұмысының тиімділігін көре алады. Жалпы жобаны біз «сервистік модель» деп атаймыз. Бүгінгі міндет – жылдам әрі сапалы қызмет көрсету, – деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ ведомство басшысы «Сервистік орталықтардың мақсатты аудиториясы кім болады?» деген сұраққа жауап беріп, өзара әрекеттесудің нақты құрылымын құру және функциялардың қайталануына жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Стационарлық полиция ғимараттарында барлық негізгі қызметтер шоғырланғаны айтылды. Сонымен бірге бұл ғимараттардың режимдік болып табылатыны ұмыт қалмады. Оларға қолжетімділік шектеулі. Бұрын фронт-кеңселер ашылған еді, бірақ олар полицияның қабылдау бөлімдері мен анықтамалық бюроларға айналды, онда адамдардың нақты проблемалары шешілмеуі мүмкін.
Сондықтан әртүрлі аудиторияға полиция қызметін көрсетудің үш деңгейлі моделін құру ұсынылады. Біріншісі – жолаушылар немесе өткінші адамдар. Олар үшін қоғамдық орындарындағы модульдік бекеттер жұмыс істейді. Екіншісі – учаскелік полиция пункттеріне жүгінетін аудан (аумақ) тұрғындары. Үшіншісі – әкімшілік және қылмыстық істер бойынша шешімдермен келіспеген адамдар, құқық бұзушылар, қызмет алушылар.
Азаматтардың өтініштерін қарастыру ғана маңызды емес. Олар құқықтық тәртіп мәселелерін жан-жақты талдаудың негіздерінің бірі болуы керек. Бұл саладағы профилактика тек полиция қызметімен шектелмейді. Ол үшін полицияның сервистік орталықтары жанынан әртүрлі ведомстволардың құқық қорғаушыларынан, әкімдіктер қызметкерлерінен және қоғам белсенділерінен тұратын қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ведомствоаралық топтары құрылатын болады.
Қауіпсіздік мәселелерін шешу министрліктер кабинеттерінде емес, жергілікті жерлерде жүзеге асырылатын болады. Бұған жұртшылық тікелей қатысады. Бұл «проблемаға бағытталған тәсіл» деп аталады.
Сонымен қатар кездесуде қалада бейнебақылау жүйелерін дамыту және жеке жүйелерді бірыңғай диспетчерлік пунктке интеграциялау талқыланды. Бұл да Мемлекет басшысының Алматыға жақында жасаған сапары барысында берген тапсырмасы болып табылады.