СҚО полицейлері балалар мен жасөспірімдер үшін спорттық жарыс ұйымдастырды
СҚО-да полицейлер мен динамошылар балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға өз үлестерін қосып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары облыстың спорттық күнтізбесін жаңа оқиғамен толықтырды. Қызылжар ауданында ДШСҚ базасында «Динамо» дене шынықтыру – спорт қоғамының жүлдесіне грек-рим күресінен ашық біріншілік өткізілді. ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен «Динамо» ДШСҚ солтүстікқазақстандық филиалы грек-рим күресі секциясын қамқорлығына алды. Жарысты ұйымдастыруға облыстың және аудандардың полицейлері қатысты. Ең мықты деген атаққа облыстағы спорт мектептерінен келген жеті команданың құрамындағы 110 жас спортшы күресті. Жарыс 10-11жылдары және 13-15 жастағы балалар арасында өтті.
Жарыстың ашылуына спорт ардагері, құрметті ардагер-динамошы, қазақша күрестен КСРО-ның алғашқы спорт шебері Бауыржан Құлжанов, СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова және Қызылжар ауданының ПБ бастығы Әлихан Байқадамов қатысты. Бауыржан Құлжанов қатысушыларға Александр Винокуров, Алексей Луценко, Аманғали Бекболатов сияқты атақты солтүстікқазақстандық спортшылар үлкен спортқа жолдаманы кіші отандарында алғанын айта кетті.
Полиция полковнигі Сәуле Андағұлова өңіріміздегі балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін грек-рим күресінен Қызылжар ауданының БЖСМ жаттықтырушысы Аман Сәпиевке СҚО ПД бастығы, «Динамо» ДШСҚ солтүстікқазақстандық филиалының төрағасы Айдын Қабдұлдиновтың алғыс хатын табыстады. Сәуле Андағұлованың сөзінше, спортпен шұғылдану төзімділікті, мінезді шыңдай түседі. Болашақта өз өмірін құқық қорғау органдары қызметімен байланыстырғысы келетін балалар үшін бұл қасиеттер аса қажет. Сондай-ақ спорт – өскелең ұрпақты дұрыс жолға бейімдеудің бірден бір құралы деп есептейтін полицейлер үшін спорттық іс-шаралар ұйымдастыру маңызды.
Жеңімпаздарға жүлделерді «Динамо» ДШСҚ солтүстікқазақстандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Тұғынбаев және СҚО ПД аппаратының басшылары табыстады. Мұндай жарыстар тұрақты түрде өткізілетін болады.