Түркістан облысында заңсыз айналымнан 250-ден астам түрлі от шашу тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері «Пиротехника» іс-шарасы кезінде заңсыз сатылымға шыққан 250-ден астам түрлі от шашуды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаментінің әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметкерлері «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Бұл шара 25 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жалғасады.
Тәртіп сақшылары пиротехникалық өнімдерді заңсыз әкелу, сақтау және пайдалану жайттарын анықтау мақсатында күнделікті жасырын сауда орындары, базарлар мен сауда нүктелерін тексеріп жатыр. Сондай-ақ халық арасында сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді алмауға және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы ескертпе қағаздарын таратады.
Аталған шара басталған күннен бастап полицейлер пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 14 дерегін анықтады. Олардан 250-ден астам түрлі сертификатталмаған пиротехниалық заттар тәркіленді.
Аталған құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы (Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына от шашу мен басқа да пиротехникалық заттарды пайдаланғанда қарапайым қауіпсіздік шараларын пайдалануды ескертеді. Балалар мен үлкендер арасындағы жарақаттанудың алдын алу және болдырмау, жасөспірімдердің пиротехникалық заттарды қолданбауын бақылауға кеңес береді.