Ақмолада екі адамды өлтірген ер адам 20 жылға сотталды
Ақмола облысының тұрғыны екі адамды өлтіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті төрт жыл бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін абақтыдан шыққаны белгілі болды.
Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Тергеу барысында 2021 жылдың 3 қарашасында сағат 23:00 шамасында қайтыс болғандардың бірінің үйінде болған С. есімді азамат алкоголь ішкеннен кейін басқа қонақпен сөзге келіп, оған екі рет пышақ жарақатын салған, оның ішінде жүрек тұсына да салған. Салдарынан ер адам сол жерде тіл тартпастан көз жұмғаны белгілі болды.
Осы кеште ер адам қылмыстың куәсі болған пәтер иесінің кеудесіне де пышақ сұғып алған.
Сот сотталушының екі адамды өлтірген кездегі салқын қандылығын, іс-әрекетін есеппен жасайтынын және қауіпті қайталануды ескерді.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыға 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазаны өтеу төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде тағайындалды.