ҚР-ның азаматтық туралы заңнамасын бұзған ресейлік әйелге айыппұл салынды
Ресей Федерациясының 34 жастағы азаматшасына Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың басынан бері көліктегі ПД-да ҚР ҚК-нің 392-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша бір қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 51 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 14-і 5 жыл мерзімге елімізге кіруге тыйым сала отырып елден тысқары шығарылды.
– Мәселен, Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтау қаласының әуежайында Қазақстанның азаматтығы туралы заңнамасын бұзған Ресей Федерациясының 34 жастағы азаматшасын анықтады. Оның айтуынша, шетелдік әйелге қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Ресей Федерациясының азаматшасы 200 АЕК (690 мың теңге) мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен өзара іс-қимыл жасау нәтижесінде қос азаматтығы үшін барлығы 8 адам анықталып, жауапкершілікке тартылған.